Сейсенбі күні аудандық аурухана ұжымына су жаңа екі жедел жәрдем көлігі табыс етілді. Оның біреуі доссорлықтарға қызмет көрсетпек. Медицина қызметкерлерінің қуанышты сәтімен бөлісу үшін аудан әкімі Ринат Ибрагимов арнайы келіп, көлік кілтін салтанатты түрде жүргізушілерге табыстады. Аудан басшысы жедел жәрдем автокөлігі халық игілігі үшін қызмет ететініне сенім білдіріп, медицина қызметкерлеріне сәттілік тіледі. Сондай-ақ ол тұрғындардың өмір сапасын жақсарту мақсатындағы игі істер одан әрі жалғасын табатынын айтып өтті.
«Соболь» маркалы санитарлық автокөліктер жол талғамайды, іші алғашқы көмек көрсетуге арналған заманауи медициналық құрал жабдықтармен жабдықталған. Бұл қызмет көрсету сапасын айтарлықтай жақсартады деген сөз.
«Жедел жәрдем бөлімшесі орталық ауруханадан бөлініп шыққалы бізге беріліп жатқан бұл алғашқы көлік. Заманауи медициналық құралдармен жабдықталған реаномобильдер ауыр халдегі науқастарды облыс орталығына жеткізуге үлкен көмек көрсетеді»,- дейді аудандық аурухананың директоры Рыскүл Тайшекенова.
Айта кетейік, реаномобильдерді алуға облыстық денсаулық сақтау басқармасы 40 млн теңге қаражат бөлген.
Ә.ҚАСЫМ
суреттер автордікі