Бәйгетөбеде иппотерапия орталығы ашылды

(0 Votes)

Бәйгетөбе ауылдық округінде облыс және аудандық үкіметтік емес ұйымдардың бірлесуімен атқа міну арқылы ем-дом қабылдайтын иппотерапия орталығы ашылды. Жаңа жобаның жұмысымен танысуға аудан активі, ақсақалдар және ерекше балалардың ата-аналары қатысты.

Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында иппотерапия жобасын іске асырған облыстық «ҮМІТ – HOPE – НАДЕЖДА» қоғамдық қоры мен аудандық «Ұлттық спорт» қоғамдық қоры 25 ерекше балаға 2 ай бойы тегін қызмет көрсететін болады. Ал, иппотерапия емін 1 дәрігер және 3 нұсқаушы маман жүргізеді. 

«ҮМІТ – HOPE – НАДЕЖДА» қоғамдық қорының төрағасы Қалима Ізімованың айтуынша, ат терапиясы арқылы жүргізілетін ем-дом міндетті түрде дәрігерлердің нұсқаулығымен жасалады. «Жоба аясында сала мамандарының көмегімен ерекше балалар жылқы арқылы түрлі жаттығулар жасайды. Қазіргі таңда 25 бала жылқы терапиясымен ем қабылдауды бастап кетті. Ем-домы арнайы бапталған атпен жүргізілетін болады», - дейді Қ.Ізімова.

Мұнда тірек-қимыл қозғалысы бұзылған, мінез-құлық ауытқулары және Даун синдромы бар балалар емделеді. Ұйымдастырушылар орталықта жүргізілетін терапия болашақта оң нәтиже береді деген сенімде. Сондықтан жобаға қолдау білдірген жергілікті әкімдікке айтар алғыстары шексіз. Олар алдағы уақытта жылқы санын көбейтіп, мүмкіндігі шектеуілі ересек жандарды да емдеуге жұмыстанбақ.

Орталықтың жұмысымен танысқан аудан әкімі Ринат Ибрагимов бала - еліміздің болашағы екендігін айтып, ерекше күтімді қажет ететін бүлдіршіндердің қоғамға бейімделуі үшін жан-жақты жағдай жасалуы керектігін жеткізді.

«Орталықта ем қамылдап жатқан ерекше балалардың ата-аналарына олардың сауығып кетуін тілеймін. Бірлесіп ауданымызға қажетті үлкен іс бастап жатқан облыс және аудандық қоғамдық қорлардың бастамасына сәттілік тілеймін»,- деді аудан әкімі.

Айта кетейік, облыста алғаш жылқы терапиясын «Атырау. Маленькая страна» қоғамдық ұйымының төрағасы Ерлан Күмісқалиев ашқан еді. Ал аталмыш орталық аудандардан алғашқы болып биыл қазан айында Құрманғазы ауданында жүзеге асты.

Ә.ҚАСЫМ

Суреттер автордікі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT