Бүгінде ауданда жұмыссыздықпен күресу мақсатында ауқымды іс атқарылуда. Оның бірі күні кеше Республика күні қарсаңында өткен жергілікті әкімдік пен аудандық мансап орталығының және NCOC компаниясының бірлесіп ұйымдастырған бос жұмыс орындары жәрмеңкесі. Жәрмеңкеде NCOC компаниясы және оған қарасты 13 мердігер мекеменің өкілдері азаматтарға бос жұмыс орындарын ұсынды. Оған 100-ден аса адам қатысып, түйіндеме тапсырды.
«Тұрғындар кадр маман өкілдерімен сұхбаттасып, қазіргі бар және болашақта ашылатын бос жұмыс орындары туралы емен-жарқын әңгімелесті. Әзірге тек түйіндеме әңгімелесуден өткізу үшін қабылданды. Ал жұмыс әңгімелеуден кейін ұсынылатын болады. Бұл біздің компаниямыздың Мақат ауданында ұйымдастырған алғышқы жәрмеңкесі. Алдағы уақытта да осындай шаралардың өтуіне қолдау танытатын боламыз», - деді NCOC компаниясының жергілікті мемлекеттік органдармен және қоғаммен байланыс бөлімінің менеджері Сұңқар Құлжанов.
Жалпы жұмыссыздықпен күресу мақсатында ауданда жыл басынан бері 6 жәрмеңке өткізілген. Бұған дейінгі өткен бос жұмыс орындары жәрмеңкесінің қорытындысы бойынша 116 тұрғын тұрақты жұмысқа орналасқан.
Мұнайлы өлке де сонымен қатар жаңа жұмыс орындарын ашуға ерекше мән берілуде. Мәселен, «Ауыл ел бесігі», «Ұлттық рухани жаңғыру», «Туризм» бағдарламалары бойынша 50-ге жуық тұрғын жұмыспен қамтылған. Олар жол төсеу, спорт мектептерін жаңғырту, ойын алаңдарын салу, кітапхананы жөндеу секілді шаруамен айналысуда. Жалпы күні бүгінге дейін ауданда 1731 жұмыс орны ашылған. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш жоспар бойынша 1840-қа жетуі тиіс. Қазір ауданда 911 тұрғын жұмыссыз есебінде тұр. Жыл басынан бері 492 адам тұрақты еңбекпен қамтылса, 463 тұрғын әртүрлі бағдарлама бойынша жұмысқа тартылған.
М.ІЗТҰРҒАНОВА,
Суреттер автордікі