Аудандық жастар ресурстық орталығы жаңа ғимаратқа қоныс аударғанын сүйіншілей хабарлап жазған болатынбыз. Дегенмен карантинге байланысты жаңа қоныста түрлі шаралар ұйымдастырудың реті келмеген еді.
Өткен бейсенбі күні жастардың басын бір арнаға тоғыстырар жаңа ғимаратта алғашқы шара ұйымдастырылды. Жас мамандарға арналған «Білім-Ринг» интеллектуалды сайысы санитарлық талаптарға сай өткізілді.
Сайысқа М.Баймұханов атындағы, Л.Шахатов атындағы, Х.Санбаев атындағы, Бәйгетөбе атындағы мектеп-бөбекжай кешенінің жас мамандарынан құралған төрт топ қатысты. Әр топта төрт адамнан бақ сынап, сайыс үш кезеңге созылды.
Байқаудың алғашқы бөлімінде барлық қатысушыларға 20 сұрақ қойылды. Ал, сұраққа жауап беру үшін қатысушыларға бар болғаны 30 секунд берілді. Сұрақтың жауабын алғашқы боп қағаз бетіне түсіріп әрі ол дұрыс болған жағдайда ғана ұпай саны қосылды. Сондай-ақ, қойылған сұрақтың деңгейіне орай ұпай санының мөлшері де әр түрлі болды. Алғашқы кезеңнен кейін ең төмен ұпай жинаған топ ойыннан шығарылды.
Екінші кезеңде қалған үш командаға 10 сұрақ қойылды. Ал, ақтық кезеңде қойылған 5 сұраққа дұрыс жауап берген топ қатысушылары үздік деп танылды.
Сайыста М.Баймұханов атындағы орта мектебінің жас мамандары жарыс жеңімпаздары атанды.
М.СЕРІКҚЫЗЫ