Ата заңымыздың алғашқы тармақтары еліміздің ең қымбат қазынасы - адам және адамның өмірі деп басталады. Шынында, мемлекеттің бары да нары да - халық. Конституциямыздың тәмсілге бергісіз алғашқы тармағының мәні мен маңызын адам жанына араша түсетін әрбір құтқарушы терең түйсінеді. Олар адамдарды құтқару үшін ештеңеден тайсалмайды. Бетін әрмен, басыңызға қиын іс түссе, ең жақын адамыңызға айналатын да осылар.
Айтып келмейтін апат талайды опат қылып жібере жаздағанда, жанұшыра жетіп, жедел қимылдауының арқасында талай адамның өмірін аман алып қалатын құтқарушыларды былайғы кезде көбіміз танып біле бермейміз. Еңбегінің өтеуіне халықтан алғыс алып жүрген қызметкерлер туралы төл мерекелерінде азды-кем тоқталып өтуді жөн көрдік.
Қосшығалиев Самат Асланұлы аудандағы №8-ші өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі, азаматтық қорғау старшинасы. Аталған мекемеде қызмет етіп жүргеніне биыл жетінші жыл. Бала кезден әскери адам болуды армандаған ол Отан алдындағы борышын өтеп келгеннен кейін осы мекемеге қатардағы өрт сөндіруші болып жұмысқа қабылданады. Алдыңғы буынның артынан ілесіп, өзіне қажетті тәжірибе жинақтай білген Саматты 2016 жылы бөлімше командирі етіп тағайындайды. Ішкі даярлық жұмыстары - өрт сөндірушілердің нормативтерін қадағалау да оңай емес. Бөлімшесіне жауапты маман біліктілігін шыңдау жолында бір сәт бөгеліп көрмеген. Бүгінде Көкшетау техникалық институтының 4-ші курсында өрт сөндіру саласы бойынша сырттай білім алып жатыр.
Жалындаған жастық жігерін қаупі мен қатері мол қызметке арнаған қадірлі маман иесі алғашқы жылдары жүрексінгенін жасырмайды. " Әлі есімде, 2013 жылдың күзінде бір үлкен өрт болды. Сол өртте алғаш рет адамның күйікке шалынған мүрдесін көріп, денем түршікті. Әріптес аға буын өкілдері бізге бар білгенін үйретіп, бүгінде іздерімен ілесіп келеміз",-дейді ол.
Осалдық танытпайтын өрт сөндірушінің облыс әкімінен алған алғыс хаты да жоқ емес. 2014 жылдың 14 сәуірінде Жантерек және Кенбай разъездері арасында "Алматы-Атырау" бағытымен №42 жолаушылар пойызы апатқа ұшырап, аудан орталығына қоңырау түсті. "Урал" көлігіне мініп алып, жедел жолға шыққандардың қатарында кейіпкеріміз де бар еді. "Оқиға орнында зардап шеккен жолаушылардың өмірін құтқарып көрсеткен ерлігіңіз үшін" деп жазылған екен әлгі алғыс хатта. Өмір мен өлім арасында жаны қысылған адамдарды тікұшаққа тиеп, адам аяғы басылғанша тыным таппай жүгіріп жүрген сәттерін ойына оралтты әңгіме барысында.
Жол-көлік апаттары орын алғанда жедел жәрдеммен жағаласа жететін де осы құтқарушылар. Елестетудің өзі қорқыныш тудыратын жол апатының бейнелеріне екінің бірі шыдас бермесі анық. Құйғытып келіп бетпе-бет түйіскен көлік ішінде әлсіз жаралған адамның не жөнді сұлбасы болады дейсіз. Мүрдені жүрекжұтқан ердің ері ғана алып шығады осындайда көлік ішінен.
Еліне еңбегін сіңіріп жүрген Саматтың жұбайы Жамал да алғысқа бөленіп жүрген ақ халатты абзал жан. Жарасымды жұптың үш перзент тәрбиелеп отырған жайлары бар. "Мемлекет тарапынан жасалынып жатқан жағдайларға көңіліміз әбден толады. Ал балаларым менің жолымды жалғай ма, әлде өздері таңдаған маман иесі атана ма оны өздеріне қалдырдым",-дейді жылы жүзімен.
А.САДЫКОВ