Мұнайлы мекеннің спорт саласы соңғы жылдары жаңаша қарқын ала бастағандай. Сенсацияға баланып, "айды аспанға шығарған" аудан құрамасы облыстық "Ақбидай" ауыл спорты ойындарында жалпы командалық есепте екінші орынға тұрақтады. Газетіміздің алдыңғы нөмерінде бұған дейінгі жүлдегерлеріміздің жетістігін жіліктеп жеткізген едік. Алғашқы айналымда үздік үштікті түйіндеген жерлестеріміз ақтық кезеңде де аянып қалмай исатайлықтардың күміс жүлдесін жұлып алды.
Бұған дейін кіші аяқ добы, асық ату мен бес асықтан бірінші орынға ие болған мақтаныштарымыздың қатарына жалпы командалық есепте көш бастаған аударыспақтың жүлдегерлері қосылды. Ат үстінен алып шығатын аптал азаматтарымыз аудан намысы үшін барын салып бақты. Спорттың бұл түрінен фаворит саналатын көршілес қызылқоғалықтардың өзі алыптарымыздың алдына түсе алмады.
Жарыс жолына шыққан сегіз спортшымыздың сегізі де жүлдесіз қалмады. 91 келі салмақ дәрежесінде мерейі үстем болған Мейрамбек Қарылданов алтыннан алқа тақса, 57 келіден Бекзат Мұхамбетов, 68 келіден Ленар Нұрмақов, +100 келіден Азамат Бегалиевтер күміспен күптелді. Қоржынға қола салғандардың қатарында 62 келіден Қайсар Русланов, 74 келіден Азамат Жанасбаев, 82 келіден Исмет Асқаров, 100 келіден Рамазан Дүйсеновтар бар.
Аттың құлағында ойнаған ауылдастарымыз теңге ілуден де тартынып қалмады. Исламбек Сағидоллаев пен Алдияр Сүгіров бақ сынаған спорттың бұл түрінен жерлестеріміз екінші орынды місе тұтты. Бұл ретте бес теңгенің екеуін іліп әкеткен Исламбектің жеке шеберлігін айта кеткен жөн. Ол бүгінгі таңда Бәйгетөбе ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы қызметінде. Жігітке жеті өнер де аз деген осы болса керек.
Құралайды көзге атқан мергендеріміз сын сағатта жамбы атудан жерге қаратпады. Құрманбек Жандарбеков пен Мұхтар Баймбетов бастаған садақшыларымыз жүгірген аттың үстінен-ақ нысананы дәл көздей білді. Жекелей сында Құрманбектің қол жеткізген қоласы құраманы үздік үштікке жетеледі.
Ауыл спорты ойындарында ұпайды мейілінше мол алуға мүмкіндік сыйлайтын спорттың тағы бір түрі - президенттік көп сайыс. Алдымен нысанаға оқ атып кейін 100 метрге жүгіретін спортшылар әрі қарай 50 метр суға жүзеді. Мықтыларымыз мұнымен де тоқтап қалмай қашыққа граната лақтырып, жарыс жолын 3000 метрге жүгіріп түйіндейді. Бұл ретте 24-34 жас аралығында сыңға түскен Парасат Құлмұханов жекелей сында екінші орынға ие болды. Әсіресе 3000 метрге жүгірген сәтте жерлесімізге талайдың таңданысы ерекше болды. Парасат мәреге өзге қарсыластарынан 1400 метр бұрын жетті. Тек мылтық атудан мүлт кетіп қоржынды күміспен толтырды. Жүгіруден алдына жан салмағандардың бірі - 35-39 жас аралығында бақ сынаған Қанат Қапшев. Спорттың бұл түрінде жерлестеріміз суға жүзуге келгенде біраз қиындықтарға тап болды. Себебі ауыл іргесімен ағып жатқан өзеннің жайы анау. Бассейн тағы да жоқ. Осылайша қолда тұрған ұпайлар көз алдымызда сусып кете барды.
Бөркімізді аспанға атқызған "Ақбидай" ауыл спорты ойындарынан аудан құрамасының жалпы қортындысына көз жүгіртсек. 16 ұпай сыйлаған аяқ допшыларымыз бен асық ату, бес асықпен, аударыспақтан біздің алдымызға түсетін құрама табылмады. Олар енді облыс намысын 10-20 қазан аралығында Ақтау қаласында өтетін Республикалық жарыста қорғамақ. Үстел теннисі мен теңге ілуден екінші орынға, жамбы атудан үздік үштікке іліктік. 4-ші орынға қол күресі мен кикбоксинг шеберлері жайғасып, 5-ші орынға волейболшыларымыз (ерлер) және президенттік көпсайысқа қатысқан спортшыларымыз табан тіреді. 6-шы орында волейболдың қыздар командасы мен гір көтерушілеріміз, 8-ші орынға тоғызқұмалақшылар жайғасты.
Аудандық спорт бөлімінің мамандары бұл жетістікті келер жылғы «Халық ойындарында» да қайталаймыз деп уәдесін берді. Екі кент пен бір ауылдық округтен құралған аядай ғана ауданның осыншама толағай табыстарға қол жеткізуі біз үшін зор мәртебе! Республикаға жолдама алған мақтаныштарымызға облыс намысын қорғар сәтте де жеңісті жолдарыңыз жалғасын тапсын дегіміз келеді. Қанжығаларыңыз молынан майлансын!
А.САДЫҚОВ