Ата жолын қуған ер

(0 Votes)

Олар тыныш күнде еленбеуі мүмкін, олардың көмегіне біз дәрігер мен полицейлерден гөрі аз жүгінеміз, бірақ кей қысылтаяң сәтте өміріміз олардың қолында боп қалады. Әңгімеме арқау боп тұрған – алдағы аптада кәсіби мерекесін тойлайтын құтқарушылар.

Әсіресе талай боздақтың ғұмырын жалмаған Жамбыл облысы, Байзақ аулындағы әскери қоймада болған жарылыс құтқарушылардың қоғамдағы орны қаншалықты зор екендігін дәлелдеп берді. Сол оқиғада жан тәсілім еткендердің көбі өрт сөндірушілер болатын. Біздің кейіпкеріміз де мықтылар ғана шыдай алатын мамандыққа жастайынан келіп, бүгінгі күні құрметті зейнет демалысына шығып отырған - Жәрдем Нұралин.

 Ол 1984 жылдың 10 маусымында Атырау облысы, Мақат кентінде теміржолшы Истай мен мектеп қызметкері Сәуленің шаңырағында тұңғыштары болып дүниеге келген. 2001 жылы аудан орталығындағы Хамза Санбаев атындағы орта мектепті тәмамдайды. Кейін 2003-2005 жылдары Тараз қаласында Отан алдындағы әскери борышын өтейді. Жәрдем барып келгеннен кейін мерзімді әскери қызмет 1 жылға қысқарған еді.

«Өрт сөндіру саласын таңдауыма атам себеп болды. Бораш атам осы салада басшылық қызметте болған. Өкінішке орай ол кісінің көзін көріп үлгергем жоқ, бірақ ол туралы естеліктерді бала күнімнен жиі еститінмін», - дейді ата жолын қуған ер.

Кейіпкеріміз 2005 жылдың тамыз айынан Атырау облысының Төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару қызметі басқармасының №8 өрт сөндіру бөлімінежүргізуші болып орналасады. Содан тапжылмай 16 жылдай еңбек етіп 2021 жылдың мамыр айында старшина шенімен зейнет демалысына қалады.

Жәрдем Истайұлы қазіргі таңда жары Қарлығашпен  3 қыз, 2 ұл тәрбиелеп отырған әке. Күш қуаты тасыған жігіттік шағын жалынды ауыздықтауға арнаған азамат: «Балаларым менің жолымды таңдағанына қарсы болмас едім», - дейді. Біз де ауданымызда тағы бір өрт сөндірушілер династиясы қалыптасқанын тіледік.

whatsapp-image-2021-10-15-at-08_40_20-1

 

                                                                                                                   А. Есжан 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521