Жақында 23-маусым Мемлекеттік қызметшілер күніне орай облыстық куиз ойыны ұйымдастырылды. Атырау қаласы мен жеті ауданның мемлекеттік қызметшілері қатысқан сайыста ауданның намысын «Тас кешу» деп аталған команда қорғады.
Ойынның өзі «Дәстүрден тағылым» тақырыбында өтті. Сондықтан барлық қатысушылар ұлттық киім киіп, қазақтың әшекей бұйымдарын тағып барды. Сонымен қатар, әр команданың арнайы эмблемасы болды.
«Сайысымыз қала және аудандарды өтіп тұратын дәстүрлі куиз форматында өтті. Барлығы 6 турда 40 сұрақ оқылды», - дейді ойын ұйымдастырушыларының бірі, Атырау қалалық жастар ресурстық орталығының басшысы Бекарыс Закария.
Әкімдіктердің, басқарма мен департаменттердің және мемлекеттік органдарының қызметшілерінен құрылған 24 команда ішінде жерлестеріміз суырылып шығып үшінші орынды қанжығаларына байлады. Оларға қола жүлдегер ретінде шаңсорғыш сыйлығы табысталды. «Тас кешу» командасының сапында аудан әкімдігінің бас инспекторы Ерболат Қырықбаев, аудан әкімі аппаратының персоналды басқару бөлімінің бас маманы Гауһар Баделова, аудан әкімі аппаратының мемлекеттік-құқықтық бөлімінің басшысы Аида Мұқанова, ішкі саясат бөлімінің басшысы Естай Мақсотов және білім бөлімінің басшысы Айбол Долдашев өнер көрсетті.
А.ЕСЖАН