«Дені сау адам - табиғаттың ең қымбат жемісі» деп Томас Карлейль айтқандай, денсаулық біздің ең бірінші байлығымыз. Ал денсаулықтың қорғаны – дәрігер. Рас, басымыз ауырып, балтырымыз сыздай қалса, ақ халаттыларды іздей бастаймыз. Кез келген науқастың қажетті ем алып, аяқтан тұруын басты назарда ұстайтын бұл мамандық иелерінің еңбектері ерен. Қызығы мен шыжығы қатар жүретін осынау маңызды салаға бүкіл өмірін арнап келе жатқан абзал жандар қаншама?! Оларды «ақ желеңді абзал жандар, адам жанының арашасы» деп жатамыз. Жаны ауырған әрбір адамға қол ұшын беруге дайын тұратын ізгі ниетті жандар ортамызда баршылық. Солардың бірі – Доссор селолық ауруханасының дәрігері Жәйнагүл Күмісбаева. Дәрімен де, сөзімен де адам ауруына шипасын беріп, көңілге сәуле сеуіп жүрген жан туралы атаулы мереке қарсаңында газет бетіне жазуды жөн көрдік.
Жәйнагүл Қайыржанқызы 1974 жылы Доссор кентінде екі ағасы мен апасынан кейін төртінші болып дүниеге келген. Әкесі сол кездегі дүркіреген мекемеде көлік жүргізуші болса, анасы зейнет жасына шыққанға дейін ауруханада мейірбике болып қызмет еткен. «Анам лор дәрігердің оң қолы болатын. Кішкентайымнан оның жұмысына деген қызығушылығым мені дәрігерлікке алып келді деп ойлаймын», - дейді ақ халатты абзал жан балғын шағы туралы сөз қозғағанда.
Кейіпкеріміз В.Белинский атындағы мектептің табалдырығын 1981 жылы аттап, 1991 жылы үлкен өмірге қанат қағады. Араға бір жыл салып қазіргі М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің емдеу факультетіне оқуға түседі. Ал 1998 жылы оқуын ойдағыдай аяқтайды. Өзі қалаған мамандықтың иесі болғаннан соң 4 ай интернатураны Атырау қаласындағы ауруханада өткізіп, 1999 жылдан бастап Доссор селолық ауруханасына жұмысқа орналасады. Ол кезде аурухана бір жағынан отбасылық амбулатория болғандықтан балаларды емдеген жас маман кейін өз мамандығы бойынша терапевт атанады. Содан денсаулық саласындағы өзгерістерге байланысты 2017 жылы қысқа мерзімді оқудан өтіп жалпы практика дәрігері болып қызметін жалғастырады. Бір жерде тапжылмай еңбек етіп келе жатқан Жәйнагүл Қайыржанқызы, бүгінгі күні артынан әріптестері ерген медицина саласының мықты маманына айналды.
«Дәрігерлікті ең жауапты мамандық деп айтуға болады. Сондықтан Гиппократ антын бергеннен бастап өз кәсібіме адал болып келемін. Берген емім шипалы болса мен үшін қуаныш. Халықпен жұмыс жасағанның қызығына да, шыжығына да үйрендік», - дейді Жәйнагүл Күмісбаева.
Өзінің айтуынша, ғасырлардың тоғысында, тіпті, күні кешеге дейін ауруханада мамандар тапшылығы кәдімгідей сезілетін. Соған байланысты күн-түн демей жұмыста жүрген. Әсіресе екінші қызын босанғанда басшылардың өтінішімен нәресте қырқынан шықпай тұрып қайта жұмыстан табылған кезі болған. Оның үстіне келіндік міндет, отбасылық өмірмен қызметті қатар алып жүру де оңай тимепті. Дейтұрғанмен, үйде қолдаудың болуы және жұмысқа деген адалдықтың арқасында қазіргі жағдайға жеткен.
Кім-кімге де қиын болған пандемияда негізгі салмақ дәрігерлерге түскені белгілі. Ол кезде емшектегі баласы болған кейіпкеріміз желдің өтінде жүргендердің бірі еді. Халыққа қалтқысыз қызмет атқарып коронавирустың бетін қайтаруға үлесін қосты. Қиын сәттерде үйге көп алаңдамауына енесінің көмегі тигендігін айтады.
Өмірін карьераға немесе отбасыға арнағандар жиі кездескенімен таптырмас маман бола тұра батыр ана атанып үлгеретіндер көп емес. Жәйнагүл Күмісбаева «Доссормұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасында қызмет ететін жолдасы Бейімбет Сидақов екеуі қол ұстасып келе жатырған ширек ғасырда 9 баланы жарық дүниеге әкелген. Олардың алды Жанаргүл еңбекте, Дана мен Дамира студент, Жаңылсын мектеп бітіріп жатса, қалған Рината, Бейбарыс, Кәусар, Жұлдыз, Амира мектепте оқиды. Қырқынан шыққанынша жұмысқа шықтым деген қызы қазіргі таңда Алматы қаласындағы С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінде педиатр мамандығы бойынша 5 курсты тәмамдаған. Жанаргүл Қайыржанқызы «мен жетпеген шыңдарға балаларым жетсе екен» деп тағы екі баласы өзінің жолын жалғағанын қалайды. «Доссор селолық ауруханасы - менің екінші үйім. Барлық әріптес аға-апа, іні-сіңлілерімді жақсы көремін. Медицина қызметкерлері күнімен құттықтаймын!», - дейді саналы ғұмырын адамды емдеуге арнап келе жатқан маман.
Біз де түн ұйқысын төрт бөліп, науқастардың айығып шығуына себепші болып жүрген мейірімді жандарды мерейлі мерекесімен құттықтай отырып, халық денсаулығын жақсарту жолында қайраттарыңыз қажымасын дегіміз келеді.
А.Есжан