Атырауда «30 игі іс» қайырымдылық марафоны жалғасуда.
Бұл жолы облыстық іскер әйелдер кеңесінің мүшелері әуежайға жақын көшеге шаған (ясень) көшеттерін екті. Игі шараға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова қолына күрек алып, қала көркін көгалдандыруға үлесін қосты.
-Бүгінгі игі шара Отан қорғаушылар күнімен тұспа-тұс келді. Халқымызда «Ер – елінің қорғаны» деген аталы сөз бар. Әйелдер қауымының бұл игілікті ісін ер-азаматтарға деген сый-құрметтің бірі деуге болады. Ал, ағаш егу – ежелден келе жатқан игі амалдың бірі. «Бір тал кессең он тал ек» деген аталар сөзін есте ұстап, қаламыздың тазалығы үшін әрқайсымыз қолдан келгенше үлес қосайық, – деді Бақытгүл Қайыржанқызы.
Өз кезегінде облыстық іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Гүлжан Мұхатаева мұндай сауапты істің жалғасатынын айтты. Сондай-ақ кеңестің бастамасын қолдаған облыстық әкімдікке ризашылығын білдірді.
Майра ОРАЗҒАЛИЕВА
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ