Конституциялық реформалар жөніндегі комиссия Қазақстан Республикасының жаңа Ата Заңының жобасын жариялады. Бұл құжат ел дамуының жаңа кезеңіне қадам басқан Қазақстан қоғамы үшін айрықша маңызға ие. Ұсынылып отырған Конституция жобасы мемлекеттің басты бағдары – адам және оның құқықтары мен бостандықтары екенін айқын көрсетеді.
Конституциялық реформалар жөніндегі комиссия ұсынған Қазақстан Республикасының жаңа Ата Заңының жобасы қоғамдағы ең өзекті құндылық – адам құқықтарын қорғауды алдыңғы орынға қоятынымен маңызды деп есептеймін. Жаңа Конституцияда адам құқықтары мен бостандықтарының тек Преамбулада ғана емес, бүкіл негізгі заңның мағыналық өзегіне айналуы – құқықтық мемлекет құру жолындағы нақты әрі маңызды қадам. Бұл – мемлекеттің азамат алдындағы жауапкершілігін күшейтіп, заң үстемдігін қамтамасыз етуге бағытталған түбегейлі бетбұрыс.
Адам құқығының басты құндылық ретінде танылуы – әділетті қоғам қалыптастырудың негізі. Әрбір азаматтың өмір сүруге, еркін пікір айтуға, ар-ождан бостандығына, білім алуға, еңбек етуге және заң алдында тең болуға деген құқықтары Конституция арқылы нақты әрі айқын қорғалуы тиіс. Осы тұрғыда жаңа Конституция жобасы азаматтардың құқықтарын кеңейтіп қана қоймай, оларды іске асырудың нақты тетіктерін бекітуге ұмтылыс жасағанымен құнды.
Сонымен қатар, жаңа Конституция жобасында дін мен мемлекеттің ара-жігінің нақты ажыратылуы, білім беру мен тәрбие жүйесінің зайырлы сипатының айқындалуы қоғамдағы тұрақтылық пен бірлікті нығайтуға бағытталған орынды шешімдер деп ойлаймын. Бұл қағидаттар әртүрлі көзқарас пен сенім иелерінің бейбіт қатар өмір сүруіне, қоғамда алауыздықтың алдын алуға мүмкіндік береді. Зайырлы мемлекет қағидаты – өркениетті елдердің даму жолында өзін ақтаған ұстаным.
Конституциялық өзгерістердің тағы бір маңызды қыры – билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті сақтау, мемлекеттік басқару жүйесінің ашықтығы мен жауапкершілігін арттыру. Бұл өз кезегінде азаматтық қоғамның дамуына, халықтың мемлекетке деген сенімінің нығаюына жол ашады. Заң үстемдігі орнаған елде әділетсіздікке орын болмайды, ал бұл – тұрақты дамудың басты кепілі.
Жалпы алғанда, ұсынылып отырған өзгерістер Конституцияның заман талабына сай жаңарып, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудағы рөлін одан әрі күшейте түсетініне сенім мол. Ата Заң – мемлекеттің тірегі, қоғамның айнасы. Сондықтан оның әрбір нормасы адам мүддесіне қызмет етуі тиіс.
Айдана Жексенбаева,
аудандық полиция бөлімі, жергілікті полиция қызметінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау инспекторы, полиция капитаны



