Ерлік ескірмейді. Десе де уақыт жылжыған сайын көзкөрген қарияларымыздың арамыздан азайып бара жатқаны көңіл құлазытады. Бүгінде тек тыл ардагерлері ғана тарих беттеріне қанмен жазылған кешегі қасіретті жылдардың көзі тірі куәгерлері. Осындай ардақты аталарымыздың бірі мереке қарсаңында торқалы тоқсан бес жасына толып жатқан бәйгетөбелік Есимов Сағызбай есімді ақсақал.
Атаулы күнді елеусіз қалдырмаған ауданымыздың қорғаныс істері жөніндегі бөлімі мен тәжік-ауған соғысы ардагерлері атамыздың шаңырағына арнайы ат басын бұрды.
Бөлім бастығы орынбасары, лейтенант С.Кушмухамбетов пен «AIBYN» қоғамдық қорының төрағасы Б.Даумшаров бастаған ардагерлер Сағызбай атаның әсерлі әңгімелеріне құлақ түріп, ауыр күндердің ақпарына қанықты.
Тағдырдың кермек дәмін бір адамдай татып үлгерген тағылымы мол қариямыз өткен күндердің естеліктерімен бөлісіп, ақ батасын берді. Меймандарымыз да қарияға құр алақан келмей өз сыйлықтарын табыстап, арнайы құттықтау хатын оқып берді.
А.САДЫКОВ