Арайлым мен Лаура үздік конферансье

(0 Votes)

 Аудандық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен дәстүрлі аудандық «Конферансье-2023» байқауы өтті. 

Байқаудың басты мақсаты түрлі мерекелік шаралардың тізгінін ұстайтын болашақ кеш жүргізушілерін табу болды. Аталмыш сайысқа бес мекемеден 10 үміткер қатысты. Биылғы жылдың бір ерекшелігі жарысқа оқушылар емес, 18 бен 35 жас аралығындағы қызметкерлер бақ сынады. Жұп болып өнер көрсеткен қатысушылар төрт кезең бойынша өз өнерлерін ортаға салды. Бірінші «Сәлем сөздің анасы» кезеңінде қатысушылар өздерін таныстырса, кезекті «Көркем сөз шебері» кезеңінде сахна және сөйлеу мәдениеті, дауыс ырғағы, екпін белгісінің, мәтін мәнерлігінің дұрыс айтылуынан тұрды. Үшінші «Сөз мәнері» кезеңінде қатысушылар ресми шаралар мен тақырыптық кештер, телевизиялық бағыттағы әртүрлі шаралар туралы сценарий дайындап, сахналады. Шешуші «Ситуациялық сұрақтар» кезеңінде қатысушылардың аудиториямен жұмыс, түрлі ситуациялық жағдайдан шыға білу шеберліктері сыналды.

Байқауда алғашқы боп өнер көрсеткен Х.Санбаев атындағы орта мектебінің қатысушылары Лаура Латипова, Арайлым Мұстафина және «Сандуғаш» бөбекжай бақшасының қатысушылары Айшат Тұрсынғалиева, Жұмагүл Гумарова М.Мақатаевтың «Бақыт деген не өзі?» және «Жас қайын» шығармаларын тебірене жеткізсе, Л.Шахатов атындағы орта мектебінің қатысушылары Мөлдір Несіпбаева мен Самат Сүйесінов ананың қадірі туралы Р.Мұқанованың «Жарық дүние» шығармасы арқылы көрерменнің көңілін босатты. М.Баймұханов атындағы орта мектебінің үміткерлері Сисекешова Гүлайым және Нұрдәулет Нұрлаев Ф.Оңғарсынованың «Жетімнің мұңы» және Б.Арыстанның «Жетім» «Әмина-Әсел» балалар бақшасының қатысушылары Ақмарал Бақтығалиева және Фариза Таңатарова «Жетім қыздың монологы» туындыларын көрермендерге шебер жеткізе білді.

Үшінші кезеңде қатысушылардың бірі мерекелік кеш және байқау жүргізіп, жаңалықтар оқыса, бірі «Жұп-жұбымен» бағдарламасының желісі бойынша сұхбат жүргізді. Соңғы кезең ситуациялық жағдайдан шығу бөлімінде қатысушылардың бірі сүрініп, бірі тапсырманы тиянақты орындап шықты.

Байқау қорытындысы бойынша Айшат Тұрсынғалиева, Жұмагүл Гумарова («Сандуғаш» бөбекжай бақшасы) және Ақмарал Бақтығалиева, Фариза Таңатарова («Әмина-Әсел» балалар бақшасы) ІІІ орынды місе тұтса, Сисекешова Гүлайым, Нұрдәулет Нұрлаев (М.Баймұханов атындағы орта мектебі) ІІ орынды қанжығалады. Сондайа-ақ, Мөлдір Несіпбаева, Самат Сүйесінов (Л.Шахатов атындағы орта мектебі) І орынмен марапатталды. Ал жарыстың бас жүлдесіне Х.Санбаев атындағы орта мектебінің ұстаздары Лаура Латипова мен Арайлым Мұстафина ие болып, облыстық байқауға жолдама алды.

Байқау соңында аудандық мәдениет үйінің басшысы Кенжебике Төлебаева сөз алып, ұйымдастыру алқасы атынан барша қатысушыларды диплом және естелік сыйлықтармен марапаттады.

М.ІЗТҰРҒАНОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT