Вокалды-аспапты ансамбль термині 1960 жылдары Кеңес Одағында пайда болды. Алғашында барлық музыкалық топтарға қатысты айтылып, кейін тек отандық рок, фолк, поп топтарға ғана тән ұғым болып қалыптасты.
Бірнеше әншілері мен әртүрлі аспапта ойнайтын музыканттары бар осындай топтар бірден әнсүйер қауымның жүрегін жаулап алды. Үлкендер жағына әсіресе «Песняры», «Земляне», «Самоцветы», «Ялла» және жергілікті «Арай» вокалды-аспапты ансамбльдері жақсы таныс. Сонымен қатар, әлі күнге дейін елдің назарынан түспеген «Дос-Мұқасан» тобы да осы қатарда.
Ауданымыздағы Мақат әуендері вокалды-аспапты ансамблінің негізі 1990 жылы қаланды. Сол уақыттан бері ауыз толтырып айтар жетістіктері де жоқ емес. 2013 жылы Мақат ауданында өткен облыстық «Есіңде ме сол бір кез», Махамбет ауданында өткен облыстық «Сағындырған әндер-ай», Атырау қаласында өткен «Шалқиды ән», 2014 жылы Атырау қаласында өткен «Әлемді шарлаған әуезді үн» фестивальдеріне қатысып алғыс хатпен марапатталса, 2017 жылы облыстық «Әуелесін әніміз» фестивалінде арнайы жүлдеге, 2018 жылы «Достар әні» облыстық фестивалінде дипломға және Жылыой ауданының 90 жылдық мерейтойы аясында «Ескірмеген әуендер» ансамбльдер байқауында III орынға ие болды.
Қазіргі күнде ансамбль жаңа құраммен аудандық, облыстық мәдени шараларда өз өнерлерін көрсетуде. Ансамбль репертуарында қазақ, орыс, ағылшын әндері бар. Көрермендер сүйіп тыңдайтын шығармалар қатарында Т.Ізтаевтің «Жүрек сыры», Б.Жұмаллинның «Бақыт деген», Ш.Сарухановтың «Позади», М.Молдабековтың «Қайдасың?», Б.Құнанбайдың «Бауыр керек» және И.Исаевтың «Ауылға барам» әндері бар.
Бұл күні Самат Неталиев жетекшілік ететін ұжымда Кенжебике Төлебаева, Гүлбаршын Кенжиева, Раушан Әлиева, Данияр Еримов, Мәди Маңғыстауов, Бағыт Жалмұханов, Азамат Елубаев, Нариман Мұқаев, Ернар Бекболат, Жасұлан Қабдығалиев, Ерасыл Мұсаев, Бисенбай Тіріжанов, Райымбек Сәпен, Жаңбырбай Есмұханов секілді өнерпаздар бар. Олардың дені мәдениет саласында қызмет қылса, кейбірі мұнай және теміржол саласында еңбек етеді. Барлығы да сан қырлы музыканттар. Ансамбль жетекшісі Самат Неталиев бас гитараның құлағында ойнаса, Нариман Мұқаев дауылпаз, Ерасыл Мұсаев сыбызғы, Ернар Бекболат домбыра аспабының шеберлері. Жаңбырбай Есмұханов пен Жасұлан Қабдығалиев клавиште тұрса, әндердің көбін Азамат Елубаев орындайды.
Ауданымызда ұйымдастырылатын мерекелік кештерде өнер көрсетушілердің қатарында вокалды-аспапты ансамбльдің болуы кез келген мерекелік шараға сән қосады. Өйткені олардың өзіндік тыңдармандары қалыптасып, өздері талғампаз халықтың сүйіктісіне айналған. Біз де елге бергенінен берері көп ұжымға шығармашылық жолда табысқа жете беруді тілейміз.
А.Есжан