Қоғамдық тәртіпті сақтау, қылмыспен күресу, мемлекет пәрменін орындау, халық пен биліктің қауіпсіздігін қамтамасыз ету – полиция қызметкерлерінің ең басты міндеті. Бір сөзбен айтқанда, жауапкершілік жүгі ауыр салада еңбек ететін құқық қорғау саласының қызметкерлері уақытпен санаспайды. Себебі ішкі тәртіп осындай. Осы саланы таңдап, бүгінде ауданның ішкі тәртібінің тыныштығын қорыған, заты нәзік болғанымен мойнына ауыр жүк арқалаған аудандық полиция бөлімінде қызмет ететін арулар көп. Соның бірі – Алмагүл Утарова.
Ол 1977 жылы Мақат ауданында дүниеге келген, 1985 жылы туып-өскен ауданындағы Хамза Санбаев атындағы орта мектепте білім алған.
«Әр адамның көкейінде болашақта қандай мамандық иесі болсам деген арман балалық шағында қалыптасатындығы белгілі. Сыныптастарымның көбісі мұғалім немесе дәрігер болуды армандайтын. Ал мен мектеп қабырғасында жүргенде-ақ заң қызметкері болуды қаладым. Бәлкім оған бала күнгі арманым болған сот төрағасы мамандығына деген қызығушылығым себеп болған шығар. Бүгінде мақсатыма жетіп, полиция саласында абыройлы қызмет атқарып келемін. Әрине, бұл саланы оңай жұмыс деп айта алмаймын. Өйткені, таңдаған қызметім қоғамда үлкен жауапкершілік пен қырағылықты талап етеді», - дейді кейіпкеріміз.
Еңбекқорлығы мен жауапкершілік жүгін ерлермен тең көтере білгенінің арқасында жұмыс өтілін полиция бөлімінің хатшысы, кеңсе меңгерушісі болып бастаған. Ерлерге тән кәсіпті нәсіп еткеніне ол еш өкінбейтінін жеткізді.
«Қай жерде болмасын қоғам тыныштығын сақтап, полиция маманы болып қызмет ету үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Бастапқыда қызметімді полиция бөлімінің хатшысы, кеңсе меңгерушісі болып бастадым. Содан 2004 жылдан бастап аудандық ішкі істер бөліміне жұмысқа орналастым. 2006 жылы офицерлік құрамға өтіп, жұлдыз тақтық. Сол кезден бастап әртүрлі салада жұмыс атқардым. Атап айтқанда, жасөспірімдер инспекторы, кейін жергілікті полиция құрылған соң аналитикалық жұмыс тобының ұйымдастырушылық-талдау бөлімінің аға инспекторы да болдым. Әрі қарай 2017 жылдан бастап штаб аға инспекторына ауыстым. Жалпы штаб деген осы саланың миы десем болады. Болған қылмыстың пайызын шығару, саралап – талдау секілді басқа да жұмыстар атқарады. Қазіргі таңда осы салада қызмет атқарып жүрмін», - деді Алмагүл Зиноллақызы.
Иә, кейіпкеріміз тәуелсіз мемлекеттің өркендеуі жолында әрдайым адал тер төгуге дайын екенін де жасырмады. Қайсар да, қарапайым, антына адал Алмагүлдің еңбекқорлығы көпке үлгі деуге де болады. Себебі бүгінде қай салада болмасын ер-азаматқа тән қызмет түрін нәзік жандар да атқарып жүргені жасырын емес. Мамандығын сүйіп, адал еңбек етсе, кез келген жан үшін алынбайтын қамал жоқ. Кім болса да ісіне тиянақты, жауапкершілігі мол маман болса болғаны дейді кейіпкеріміз.
«Құқық қорғау саласында ерлермен қатар абыройлы қызмет етіп жүрген әйел полицейлер баршылық. Қоғам тыныштығын күзету асқан жауапкершілік жүктейтіні баршаға белгілі. Сондықтан да бұл салада ішкі істер органы болған соң ер мен әйел деп бөлінбейді. Қойылар талап пен тәртіп бірдей. Осы қағидаларды қатаң орындап, үдерістен шыға білген жан ғана өз ісінің нағыз маманы атанады», - деді Алмагүл Зиноллақызы.
Кейіпкерімізбен әңгіме барысында оның ерге бергісіз мінезі анық сезілді. Десе де, сақадай сай полиция формасын айнымас серігіне айналдырған кейіпкеріміздің бойынан шын мәнінде нәзіктікті, биязылықты, өжет мінезді, нағыз қазақ қызын байқауға болады.
Осы ретте айта кетейік, Алмагүл Утарованың еңбегі де елеусіз қалмады. Оның қызметіне адалдықпен қарап, аудандық полиция бөлімінің ішкі құжат айналымын бақылау, құжаттардың уақытылы әрі сапалы орындалуын қамтамасыз етіп, уақытпен санаспай абыройлы қызмет атқаруы ұжымда беделін арттыра түсті. Өзіне жүктелген міндетті тиянақты атқаратын қызметкер ҚР Ішкі істер министрінің «Мінсіз қызметі үшін» алғыс хатын алған. Одан өзге, Қазақстан полициясына 20 жыл, 30 жыл, Мақат ауданына 100 жыл төсбелгілерін және облыс, аудан әкімінің арнайы алғыс хаттарымен марапатталған. Ол тәртібі қатаң қызметпен қоса отбасының да ұйытқысы бола білген жан десек болады. Өмірге перзент әкеліп, оларды өсіріп жеткізген. Қазіргі күні қызметте абыройы артқан маман болумен қатар, отбасында аяулы ана, бақытты әже болып отыр. Аудан тыныштығын күзету үшін уақытпен санаспай еңбек етіп жүрген полиция бөлімінің штаб аға инспекторы Алмагүл Зиноллақызының қызметі жайында халық та жақсы пікірде. Өйткені, халықпен тіл табысу - полиция аға инспекторы үшін ең басты талап. Кейіпкеріміздің де жұмыс барысындағы басты ұстанымы әр кез заңға бағыну екенін жеткізді. Қандай жағдай да ең алдымен қарапайым халықтың тыныштығын бірінші орынға қояды екен. Сондықтан да ол өз қызметіне деген халықтың сенімі полиция жұмысының басты көрсеткіші екенін айтады.
Бұл саладағы қызмет форма киіп көзге жылы көрінгенімен, жүгі ауыр сала екеніне көзіміз жетті. Сауысқандай сақ, қырандай қырағылық танытатын салада қызмет ету үшін кәсіби біліктілікпен қоса адамның бойында төзімділік, сабырлылық қасиеттер болу қажет екені сөзсіз. Оған қоса, қажыр-қайрат пен ерлік те осы сала адамының бойынан табылуы тиіс. Кейіпкеріміз де бұл салаға қызығушылық танытатын жастарымызға өз елінің патриоты бола отырып, адалдыққа шақырады. Өйткені, осы салада қызмет жасаған адам түрлі қылмыспен бетпе-бет келіп, анық қай жолды таңдау керектігіне көзі жетеді дейді.
Г.Жұбанышқалиева