Әрбір азамат таңертең үйінен алаңсыз шығып, кешке үйге аман-есен оралуын қалайды. Ал бұл тыныштық пен тәртіп – өздігінен орнай салмайтын құндылық. Қоғамдық тәртіппен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – жауапкершілігі мол, үлкен сенім жүктелетін міндет. Осы салада абыроймен қызмет етіп жүрген жас мамандардың бірі – аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімінде учаскелік полиция инспекторы лауазымында еңбек етіп жүрген Амангелді Ибатоллаұлы.
Амангелді мұнайлы мекен Доссордың тумасы. Бала кезінен әділдік пен тәртіпке бейім болған ол болашақта құқық қорғау саласында қызмет етуді армандады. Алғаш мектеп табалдырығын Доссор кентіндегі А.Құнанбаев атындағы орта мектебінде аттап, 11 жыл бойы білім алған. Мектеп қабырғасынан-ақ тарих пен құқық пәндеріне бір табан жақын болған ол болашағын атаулы саламен байланыстырған. Сөйтіп арманындағы мәртебелі мамандықты меңгеру мақсатында Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласындағы Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетіне түсіп, «Құқық қорғау қызметі» мамандығы бойынша жоғары білім алады. Оқуын аяқтай салысымен Отанға адал қызмет ету, туған жерге теңіздің тамшысындай болсын үлес қосу үшін елге оралған. Осылайша ол аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімінде учаскелік полиция инспекторы қызметіне орналасады . «Кішкентайымнан полиция формасына ерекше қызығып, сол киімді киюді армандайтынмын. Сол арман мені алға жетеледі. 2022 жылы жоғары оқу орнын бітіріп, мемлекеттік қызметке тест тапсырып, оны сәтті өткесін аудандық полиция бөліміне жұмысқа орналастым. Қазір шенім – полиция аға лейтенанты. Бұл – мен үшін үлкен жауапкершілік әрі мақтаныш. Қоғам тыныштығы мен халық қауіпсіздігі үшін қызмет ету – әрбір құқық қорғау саласы маманының басты міндеті. Әр күнің сынаққа толы болса да, бұл жолды таңдағаныма еш өкінбеймін»,-дейді өз мамандығын мақтаныш санайтын кейіпкеріміз.
Учаскелік полиция – ішкі істер органдарының халыққа ең жақын құрылымы. Олар тұрғындардың күнделікті өміріндегі ұсақ-түйек көрінетін, бірақ мәні зор құқық бұзушылықтарды анықтап, алдын алуға бағытталған жұмыс жүргізеді. Бір қарағанда қарапайым көрінетін бұл қызмет – нағыз шыдамдылық пен темірдей тәртіпті талап етеді.
Амангелдінің айтуынша, учаскелік полиция инспекторының жұмысы – тек заң бұзушылармен күресу емес, халықпен тығыз байланыста жұмыс жасау.
«Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – менің тікелей міндетім. Тұрғындардың сенімі – мен үшін ең маңызды дүние. Сондықтан әр ісімді адалдықпен, жауапкершілікпен атқаруға тырысамын», – дейді ол.
«Учаскелік инспектордың күнделікті міндетіне – әкімшілік учаске аумағындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, отбасы-тұрмыстық жанжалдарды реттеу, есепте тұрған тұлғалармен жұмыс жүргізу, профилактикалық тексеру, тұрғындардың арыз- шағымдарына уақытылы әрекет ету, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу секілді жауапты істер кіреді. Қызметі таңмен басталып, түнге дейін жалғасатын бұл мамандық иелері кейде демалыс, мерекеге де қарамайды»,- дейді жас инспектор.
«Инспекторлар өздеріне бекітілген аумақтағы әрбір көше, әрбір отбасы туралы білуге, олардың мұқтажын түсініп, заң шеңберінде көмек көрсетуге міндетті. Бұл – халықпен тығыз байланыста жұмыс жасаудың, сенім мен түсіністік орнатудың алғы шарты. Тұрғындар өз учаскелік полицейін таныса, оған сенсе – бұл қоғамдық тәртіптің бекем болуына тікелей әсер етеді. «Бүгінгі таңда учаскелік инспектор тек қана заң бұзған азаматтармен емес, сонымен бірге әлеуметтік жағдайы төмен, көмекке зәру отбасылармен де жұмыс жасайды. Осы арқылы полиция қызметінің тек жазалау емес, алдын алу, көмектесу миссиясын да айқын көруге болады»,-дейді Амангелді Ибатоллаұлы.
Алайда бұл қызметтің қиындығы да аз емес. Учаскелік полиция қызметкерлері көбіне жанжалдардың ортасында, даулы жағдайлардың шешімін іздеуде жүреді. Жала жабу, қауіп төндіру, ұйқысыз түндер – олардың күнделікті көріп жүрген көрінісі. Осындай сын сәттерде сабырлық пен кәсіби біліктілік, әділдік пен заң шеңберінен шықпау – учаскелік инспектордың басты қағидасына айналған. Осындай тынымсыз еңбектің артында үлкен жауапкершілік, тұрақтылық және халыққа деген шынайы жанашырлық тұрады.
Жас болса да үлкен жауапкершілікті арқалап жүрген Амангелді – болашақ жас мамандарға үлгі. Оның пікірінше, бұл саланы таңдаған жастар ең алдымен елге адал қызмет етуді мақсат етіп, үлкен сабырлық пен төзімділікті серік етуі керек. «Шынайы ниетпен атқарылған әр іс міндетті түрде жемісін береді», – дейді ол жас мамандарға үндеу ретінде.
Өзіндік ұстанымы, кәсіби біліктілігі, азаматтық жауапкершілігі бар Амангелді өз ісіне берілген жан. Ол үлгі тұтатын тұлғалар қатарында Дулат Сәлімжанұлын ерекше атап өтті. «Ол кісінің кәсіби тәжірибесі мен адамгершілік қасиеттері – мен үшін үлгі»,– дейді ол. Қызметтен тыс уақытта спортпен, әсіресе футболмен айналысуды ұнатады. Бұл – оның бойындағы сергектікті сақтап, салауатты өмір салтын ұстануына көмектесетін хобби.
Амангелді Ибатоллаұлы бүгінде ел сенімін арқалаған учаскелік инспектор ретінде адал еңбегімен көзге түсіп келеді. Оның қоғамға, ел тыныштығына қосып жатқан үлесі болашаққа деген сенімді нығайта түседі.
Ж.Нұрбегісқызы