Мұнайлы мекен тұрғындарының көз алдында алты алашты аузына қарататын тағы бір жалынды буын өсіп келеді. Бұлардың ойындарына тек жергілікті жанкүйерлер ғана емес күллі қазақ елі көз тігіп, ойын шеберлігіне тәнті болды. Алақандай ауданның қаршадай ғана қарадомалақ балалары, мықтылардың бәрі ауылдан шығатынын тағы бір дәлелдеді. Республика біріншілігінде азуын айға білеген кіл кәсіби академия шәкірттерін шаң қаптырып, алтынға бергісіз күміспен оралған Мақат балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің командасы төбемізді көкке жеткізді.
Қостанай облысының Рудный қаласында футзалдан жасөспірімдер арасында өткен Қазақстан Республикасының біріншілігі үлкен маңызға ие турнирлердің бірі. "Қайрат", "Аят", "Каспий", "Бәйтерек", "Ақтөбе" сынды кәсіпқой командалардың арасындағы негізгі бәсекелестікте елдің батыс түкпірінен келген мақаттықтарды финалдық ойында ешкім күтпеген еді. Жартылай финалда әйгілі "Қайрат" академиясында шыңдалып жатқан шәкірттерді сан соқтырған жерлестеріміз Алматылықтардың төбесінен жай түсіргендей күй кешірді. Қорытынды есеп 3-1. Финалда дүбірлі доданың тағы бір басты фавориті саналған жарыс қожайындары "Аят" командасы күтіп тұр еді. Атағы аспандап тұрса да қостанайлықтар қақаттық өрендерге тісін батыра аламады. Таблода 0-0 есебі тіркеліп, жеңімпаз пенальти сериясында анықталды. Пенальти - лотерея секілді емес пе?! Жігіттерімізге сәл ғана сәттілік жетіспеді. Жоғалған ештеңе жоқ, күміс - қолда, алтын -жолда. Бұл біз үшін үлкен жетістік.
Жалпы жарыстың жартылай финалына жету де оңай шаруа емес еді. 10 ойын өткізіп, оның жетеуінде жеңіске жеткен жерлестеріміз бір рет тең ойнап, екі рет ұтылды. Осылайша үздік төрт команданың арасында үшінші орынмен жартылай финалға өтті. Ержан Шарафиев пен Әнуар Теңдібай жаттықтыратын өрендеріміздің қай-қайсысы да осал емес. Әсіресе тас қамал қорғаушы Расул Ерболұлы мен шабуылшылар Жанмұрат Амандос пен Арсен Нұрболұлы талайдың таңдайын қақтырды. Айтпақшы Жанмұрат "Атырау" командасында өнер көрсететін Жақсылық Амандосовтың туған інісі екен. Ағалары жеткен биік шыңдарға інілері де іркілмей жететініне сеніміміз кәміл.
Жеңімпаздарды әдеттегідей кент әкімі Ербол Ермағамбетов бастаған жерлестері күтіп алды. Таңмен таласа Мақат вокзалын думанға бөлеген жасөпірімдеріміздің бұл жеңісті жорығының басы деп білеміз. Өз құрдастарынан облыс тарихындағы ең үлкен жетістікті біздің ауданға еншілеп берген өрендеріміз осылайша мерейімізді үстем етті. Айта кетейік, команда бұған дейін Жаңаөзен қаласында арнайы оқу-жаттығу ойындарынан өткен болатын.
А.САДЫҚОВ