Астана қаласында «Жаңа Қазақстан» республикалық инновациялық орталығының ұйымдастыруымен барлық сала өкілдері арасында «Жыл үздігі – 2025» атты республикалық патриоттық байқауы өтті.
Аталмыш байқаудың басты мақсаты – еліміздің әр саласында абыроймен еңбек етіп, кәсібіне деген адалдығы мен жауапкершілігі арқылы ел құрметіне бөленген мамандарды қоғамға кеңінен насихаттау. Жеке үлгісімен өзгеге жол көрсетіп жүрген, өз ісінің нағыз шебері атанған азаматтардың еңбегін бағалау, сондай-ақ жас буынды еңбекке, кәсібилікке, адалдық пен әділеттілікке баулу болды.
Бұл игі шара 2025 жыл – «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында ұйымдастырылып, еңбек адамының қоғамдағы мәртебесін арттыруды көздеді. Сонымен қатар Мемлекет басшысының «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты бағдарламалық мақаласында көрсетілген ұлттық құндылықтарды кеңінен дәріптеу, ел дамуына сүбелі үлес қосып жүрген азаматтарды көпшілікке үлгі ету мақсатында Тәуелсіздік күні мерекесіне орай өткізілді.
Республика көлемінде еліміздің түкпір-түкпірінен өз ісіне адал, маңдай терімен табыс тауып жүрген еңбек адамдары жиналған байқауда ауданымыздың абыройын асқақтатқан медицина саласының білікті мамандары ерекше көзге түсті. Атап айтқанда, Ляззат Қамысбаева, Алмагүл Қайранова, Лидия Уашева, Нұрлы Наушиева, Райхан Қуанбаева және Гүлнар Ескариева байқау қорытындысы бойынша жоғары бағаланып, І дәрежелі дипломмен, сондай-ақ «Жыл үздігі – 2025» төсбелгісі және арнайы статуэткамен марапатталды.
Айта кетейік, ауданымыздың атын республика деңгейінде танытып, мерейін үстем еткен медицина саласы қызметкерлеріне бұл марапат – олардың көп жылғы тынымсыз еңбегінің, кәсіби біліктілігінің жемісі.
Г.Мәмбетқызы



