Атырау спорты 2025 жылды айрықша жетістікпен түйіндеді, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Токио қаласында өткен Сурдолимпиада ойындарында жерлесіміз, дзюдошы Болат Ерсін алтын медаль жеңіп, ел намысын асқақтатты. Бұл туралы облыстық Дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы Нұрбол Сыдықов мәлімдеді. Сала басшысы мұның өңір спорты үшін тарихи нәтиже екенін атап өтті.
Жыл жетістіктері мұнымен шектелмейді. Бахрейнде өткен жасөспірімдер Азия ойындарында таеквондошы Д.Шамуратов күміс, дзюдошы Жұмажан Інжу қола жүлде алып, халықаралық аренада атыраулық таланттардың әлеуетін көрсетті. Сондай-ақ ересектер арасындағы әлем чемпионатында Абужакынова Абиба, жастар арасындағы әлем біріншілігінде Абдирова Дана күміс жүлдегер атанды.
Баспасөз қызметі таратқан мәліметте бұл көрсеткіш өңірде спорттың жүйелі дамуының нәтижесі екені айтылған.
“Одан өзге, облыста бүгінде спорттың 81 түрі дамытылып келеді. Оның 29-ы олимпиадалық, 41-і олимпиадалық емес, 11-і ұлттық, 1-і техникалық және мүгедектер спорты бағытына жатады. 23 спорт түрі басыңқы, 33-і жоғары жетістік спорты, 25-і бұқаралық спорт ретінде жіктелген. Спортты бұқараландыру да қарқынды. Өңірде биыл әр жас санатындағы 145 мың адамды қамтыған 1200-ден астам спорттық-бұқаралық шара ұйымдастырылды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай өсім. «Спорт нашақорлыққа қарсы» фестивалі, халықаралық турнирлер, ат бәйгелері, «Сарайшық» велотуры, дәстүрлі «Атырау марафоны» тұрғындар арасында көп қатысушыны жинады. «Әсіресе ауылдағы 87 мың адамның қамтылуы – биылғы басты оң тенденция” деп нақтылады басқарма басшысы.
Тағы бір айта кетер жайт - спорт инфрақұрылымының кеңеюі. Облыста 845 спорт ғимараты және 399 спорт залы тіркелген. Тек биылдың өзінде спорттық нысандар саны 92 бірлікке өскен. Оның ішінде 10 спорт кешені, 1 бассейн, 1 хоккей корты және 30 спорт залы бар. «Жергілікті бюджет есебінен 33 спорт кешенінің құрылысы басталып, биыл 11-і пайдалануға берілді. Қалғандары келесі жылы аяқталады» деп толықтырды Нұрбол Сыдықов.
Саланы дамытудың маңызды бағыты - спорттық резервті қалыптастыру екені белгілі. “Облыста 31 балалар-жасөспірімдер спорт мектебі жұмыс істейді. 18 мыңнан астам бала тегін жаттығуға қатысады. Сонымен қатар спорттық секцияларды жан басына қаржыландыру бағдарламасымен 19 850 бала қамтылған. Мектеп-интернат-колледжде бокс, дзюдо, таеквондо, грек-рим және еркін күрестен 200 жас спортшы дайындалып жатыр. «Биыл грек-рим күресінен жаңа бөлімше ашылды» деді маман.
Аймақ бойынша 501 атыраулық спортшы Қазақстанның ұлттық құрамаларына енгені де ерекше атап өтер үлкен жаңалық. Бұл өткен жылмен салыстырғанда құрама сапына қосылғандардың 32 адамға артқанын көрсетеді.
Параспорт та ерекше қарқынмен дамуда. Мүмкіндігі шектеулі 1389 азамат тұрақты түрде спортпен шұғылданып, оларға оңтайлы жағдай жасалып отырғаны да көңіл көншітеді. Мәселен, 7 ауданда бапкерлер мен әдіскерлер жұмысқа қабылданып, спортшыларды тасымалдау үшін қосымша автокөліктер берілді. Параволейбол командасына ТШО компаниясы жаңа автобус сыйлаған. Ұлттық спорт саласында да өсім байқалады. Өңірде 27 мыңнан астам адам ұлттық спорт түрлерімен айналысатыны белгілі болды.
«Ұлттық спорт түрлері клубында» асық ату, жамбы ату, қазақ күресі, аударыспақ, бәйге және өзге де бағыттар дамып жатыр. Ба қарманың ақпаратына сүйенсек, шұғылданушылар саны былтырмен салыстырғанда екі есеге жуық артқан.
“Цифрландыру бойынша аймақтық спорт ұйымдарының барлығы «Lira» жүйесіне көшіріліп, қайталанған 4000 ваучер жойылды” дейді мамандар.
Бұл нақты статистиканы орнықтыруға мүмкіндік берді.
Кадрлық өзгерістерге келсек, 5 жылдан 22 жылға дейін жұмыс істеп келген 15 мекеме басшысы мен аға жаттықтырушы ротацияланды. Федерациялармен бірлескен талдау негізінде 25 аға жаттықтырушы алмастырылды.
“2025 жылы облыс спортына 25 млрд теңге қарастырылған. Оның 72%-ы олимпиадалық спортқа бағытталады. Олимпиадалық спорт түрлерін қаржыландыру 10%-ға артқан. Алдағы жоспарлар да ауқымды. 2026 жылға қарай бұқаралық спорт орталығын құру, спорт диспансерін ашу көзделіп отыр. Сонымен қатар халықаралық деңгейдегі спорт нысандарының құрылысы жүргізіліп жатыр. 12 мың орындық стадион, жаңа ипподром, көпбейінді «Атырау-арена», «Тексол» спорттық-сауықтыру кешені, ескек есу базасының толық жаңғыртылуы – өңір спортының жаңа келбетін қалыптастыратын жобалар. Жыл қортындысына сәйкес, Атырау облысының спорт саласы көрсеткіштері барлық бағыт бойынша өсім көрсетіп отыр. Бұл - жүйелі жоспарлау мен инфрақұрылымға салынған инвестицияның нәтижесі. Алдағы кезеңде халықаралық дүбірлі жарыстарды өткізуге мүмкіндік беретін жаңа кешендер іске қосылып, өңір спорты жаңа деңгейге көтеріледі деген сенімдеміз” деді басқарма басшысы.



