ЖЕЛТОҚСАН ЖЕЛІ ЫЗҒАРЛЫ…

(0 Votes)

Еліміз бүгінде қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған бейбіт күн кешіп отыр. Тәуелсіздіктің қадірін біліп, еркіндіктің игілігін көріп отырған бүгінгі ұрпақ осы жолда басын бәйгеге тіккен қаһармандарды қаншалықты біледі?

Егемендіктің қадірін түсіну үшін оның қандай бағамен келгенін сезіну қажет. Өйткені бұл жол ата-бабаның төгілген қаны мен қазақ деп соққан жүректің дүрсілінен бастау алады.

Сонау 1986 жылы алаңға шыққан әрбір жас елдік мүдденің қорғаны болды. Солардың бірі – елдік пен еркіндік туын көтеріп, Желтоқсан оқиғасына қатысқан жерлесіміз Серікбай Жалғасбаев.

Серікбай Жалғасбаев – Атырау облысы, Қызылқоға ауданы, Сағыз ауылында дүниеге келген. Әке жолын жалғап, теміржол саласында білім алуды мақсат еткен ол Алматы қаласындағы теміржол инженерлік-техникалық институтында оқыды. Әсем қалада студенттік өмірін жалғастырып жүрген жас жігіттің маңдайына тағдыр тарихи кезеңнің куәгері болуды жазған еді.

1981 жылы Мақат кентіне келіп, теміржол саласында жұмыс істей бастайды. Ізденіс жолына түскен ол 1982 жылы Алматы қаласына аттанып, теміржол саласы бойынша дайындық курсын оқиды. Оқуды аяқтаған соң 1984 жылы Отан алдындағы борышын өтеуге әскерге шақырылған.

Әскерден оралып, білімін жалғастырған Серікбай Төлегенұлы 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысып, сол бір тарихи сәттің нағыз ортасында жүрді.

Ол сол күндерді былай еске алады:

«1986 жылы көктемде әскери борышымды өтеп келіп, қыркүйекте институттағы оқуымды жалғастырдым. 16 желтоқсан күні кешкі шамамен 18:00-де студенттер арасында жағымсыз хабар тарады. Дінмұхамед Қонаевты орнынан алып, орнына өзге ұлт өкілін тағайындамақ екен. Факультет деканы бізді шұғыл жинап, институт мүлкін қорғауды тапсырды. Алайда кетерінде: “Балалар, сақ болыңдар. Алаңға бармаңдар деп айта алмаймын”, – деген сөзі бізге ерекше рух берді.

Сол сәтте Республика алаңына жан-жақтан студенттер, Поршень зауытының, АХБК-ның жұмысшылары жиналып жатқанын естідік. Біз де қарап тұрмай, алаңға бет алдық. Мінбеге шыққан үкімет өкілдері басу айтып жатты. Ал біз болсақ: “Бізге өзіміздің қазақ басшы керек! Өзге ұлтқа қарсымыз!” – деп ұрандаттық. Алғашқы күні милиция мен әскерилер бізге тиіскен жоқ. Бірақ ертесіне, 17 желтоқсан күні алаңға қайта келгенде, қақтығыс басталып кетті…»

Серікбай Төлегенұлы сол күндердің қасіреті тек алаңдағы жастармен шектелмегенін айтады.

«Өзімнің қарындасым Айман Жалғасбаева Алматы қаласында Мәншүк Мәметова атындағы тігін цехында жұмыс істейтін. Жұмысынан қайтып келе жатқан кезде оны да жолда соққыға жығып кетіпті. Ешқандай себепсіз, еш қатысы болмаса да, сол оқиғаға байланысты талай жан жапа шекті. Яғни ызғарға толы желтоқсан ешкімді аямады», – деп еске алады ол.

Оқиғадан кейінгі жылдарда да ол ел игілігі үшін қызмет етуді жалғастырды. 1988 жылы Мақатқа оралып, 2003 жылға дейін теміржол саласында түрлі қызметтер атқарды. Кейін аудандық ішкі істер бөлімінде тергеуші, одан соң көші-қон қызметінің басшысы болып еңбек етіп, қоғам қауіпсіздігіне үлес қосты. Ардақты азамат абыроймен қызметін атқарып, зейнетке шықты.

Желтоқсан – қазақ жадында өшпес із қалдырған ауыр да азаттыққа жол ашқан айрықша кезең. Сол күндері алаңға шыққан әрбір жас өз басын тәуекелге тігіп, ұлт намысының құнын қорғады. Қанша жыл өтсе де, сол дүрбелең мен жаппай жазалау шараларының салқыны талай отбасының жүрегінде жара болып қалды.

Бүгінгі ұрпақ бейбіт өмір сүріп, тәуелсіз елдің көк туын еркін желбіретіп отырса, бұл – сол бір суық күндері жасын жанары мұқалмаған жастардың арқасы. Желтоқсан – ерліктің, өрліктің, намыстың символы. Сондықтан бұл күнді ұлықтау – өткенге тағзым, болашаққа аманат.

Ж.ҚАМЗА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT