“Жасыл балабақшадан" – “Таза Қазақстанға”!

(0 Votes)

Атырау өңірінде кейінгі жылдары экологиялық мәдениетті нығайту бағытында айтарлықтай серпіліс байқалып отыр. Республикалық “Таза Қазақстан” акциясына тұрғындардың белсенді қатысуы табиғатты қорғау ісін жаңа деңгейге көтеріп, қоршаған ортаның сапасын жақсартуға нақты ықпал етуде. Акция аясында жыл бойы 165 гектар аумаққа 450 мыңға жуық ағаш отырғызылып, 6 мың тоннадан астам қоқыс шығарылуы – өңірдің экологиялық ахуалын жақсартуға бағытталған жұмыстың нәтижелі екенін көрсететін маңызды көрсеткіштер. Бұл – Атырау секілді шөлейтті әрі өнеркәсіптік өңір үшін аса құнды әрі ұзақ мерзімді пайдасы зор бастамалар, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Экологиялық мәдениетті қалыптастыру тек табиғатты көркейту шараларымен шектелмей, қоғамның ой-санасын өзгертуге бағытталуы қажет екені белгілі. Осы тұрғыдан алғанда, Атыраудағы мемлекеттік мекемелердің, ұйымдардың және жеке азаматтардың бастамалары оң үрдіске айналып отыр. Әсіресе, білім беру мекемелерінің үлесі айрықша. “Алтын балық” бөбекжай-бақшасының меңгерушісі Биғайша Еркінова жүзеге асырып жүрген “Жасыл балабақша” жобасы – соның дәлелі. Балабақшада қыстың өзінде арнайы бөлмелерде көшеттер өсіріп, көктемде аулаға отырғызу арқылы балаларға табиғатты бағалау, өсімдікке қамқор болу, еңбектің нәтижесін көру секілді маңызды дағдылар үйретілуде. Балалар өздері күтіп-баптаған өнімнің жемісін көріп, табиғатпен байланысын ерте жастан сезінеді. Бұл – экологиялық жауапкершіліктің ұрпақтан-ұрпаққа жалғасуына ықпал ететін маңызды тәрбие.

Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының міндетін атқарушы Зарина Төребаеваның айтуынша, акция аясында көптеген бастамалар тұрғындардың өз еркімен ұйымдастырылған. Қала мен аудандарда түрлі сенбіліктер, тал отырғызу науқандары, қоқыс жою рейдтері ғана емес, бағдарламалық сипаттағы экосағаттар, балаларға арналған тәрбиелік сабақтар, көрмелер, қойылымдар, квиздер мен тренингтер өткізілген. Бұл шаралар тек белгілі бір уақыттағы экологиялық науқан ретінде емес, қоғамның экологиялық мәдениетін жүйелі түрде арттыруға бағытталған қозғалысқа айналып келеді.

Тұрғындардың қоғамдық белсенділігі артып, еріктілердің экологиялық бастамаларға жиі араласуы өңірдің экологиялық мәселелерін шешуге тың қуат беруде. Атырау экологиялық жүктемесі жоғары облыстардың бірі болғандықтан, мұндай қозғалыстардың маңызы ерекше. Жасыл аймақтарды көбейту, тұрмыстық қалдықтарды азайту, табиғатты ұқыпты пайдалану мәдениетін қалыптастыру – ұзақ мерзімді әрі күрделі процесс. Алайда қазіргі қатысу деңгейіне қарасақ, өңір халқы бұл бағытта біртұтас жауапкершілік танытып келеді.

Қорытындылай айтқанда, “Таза Қазақстан” акциясы Атырауда тек санитарлық тазалық шарасымен шектелмей, кең ауқымды экологиялық қозғалысқа ұласты. Мемлекеттік мекемелердің, қоғамдық ұйымдардың және қарапайым азаматтардың белсенділігі экологиялық мәдениеттің артуына жол ашып, өңірдің табиғи келбетін жақсартуға нақты үлес қосуда. Бұл үрдіс жалғаса берсе, Атырау экологиясының жағымды өзгерістерге қол жеткізу мүмкіндігі арта түсетіні анық.

Сәуле МАҒАУ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT