Желтоқсан оқиғасы – қазақ жадында мәңгі өшпес із қалдырған, ұлт рухын шырқау биікке көтерген тарихи таңба. Сол бір қыстың қақаған күнінде алаңға жиналған жас жүректердің ерлігі ертеңгі күнге деген сенімді күшейтіп, тәуелсіздіктің шамын жаққан еді. Бүгінде арамызда оқиғаны көзбен көріп, жүрекпен өткерген, сол күннің салмағын арқалаған аға буын өкілдері бар. Солардың бірі – аудан жұртшылығына жақсы таныс, саналы ғұмырын адам өмірін арашалауға арнаған тәжірибелі хирург, 2002–2006 жылдары аудандық орталық ауруханаға басшылық еткен Арыстан Алмағанбетов.
Арыстан Семғалиұлы 1965 жылы 15 наурызда Қызылқоға ауданының Абай совхозында дүниеге келген.
Қарапайым ауылда өскен ол жастайынан білімге құштар болып, 1972 жылы Қаракөл орта мектебінің табалдырығын аттады. Сол кезден бастап жүрегінде бір айқын арманы – дәрігер болу еді.
«Адам өмірін арашалайтын ақ халатты адамдардың еңбегі мен үшін әрдайым ерекше болып көрінетін. Мектепте шығарма жазғанда мұғалімдер «Арманың қандай?» деп сұрайтын. Сол кезде ойланбай, «Дәрігер боламын» деп жазатынмын. Бүгінде сол бала шақтағы арманым орындалды», - дейді дәрігер.
Бала күнгі арманы орындалып, өмір жолы айқын бағыт алған Арыстан Семғалиұлы 1982 жылы Алматы қаласына аттанады. Сол кездегі бала арманы оны С.Д.Асфендияров атындағы мемлекеттік медицина институтына жетелейді. Институт қабырғасында ол балалар дәрігері мамандығы бойынша білім алып қана қоймай, медицина саласының қыр-сырын тереңінен меңгерді. Уақыт өте келе хирургия мамандығы бойынша 1992 жылы жоғары білімін тәмамдап, өз мамандығының білікті кәсіби маманы атанды. 1992 жылы оқуды бітіріп, отбасын құрып, жұбайымен бірге Мақат ауданына көшіп келеді. Сол уақытта аудандық орталық ауруханаға хирург дәрігер болып жұмысқа орналасып, науқастарға адал қызмет ете бастайды. Ол 2002 жылдан 2006 жылға дейін аудандық орталық аурухананың бас дәрігері қызметін де атқарып, мекеменің дамуына елеулі үлес қосады.
Кейіпкеріміз өз студенттік шағын еске ала отырып, 1986 жылғы желтоқсан оқиғасына қатысқан кезеңін бізбен бөлісті. Ол үшін бұл тек тарихтағы бір күн емес, жүректегі отқа айналған, ерлік пен батылдыққа толы сәттер еді. «1986 жылдың 16 желтоқсаны күні күндіз қалада көтеріліс болып жатқаны бізге белгісіз еді. Алайда кешке қарай жағдайдың мәнін түсініп, қасымда бірге оқитын Марат есімді оралдық досыммен бірге орталық алаңға баруды жөн көрдік. Жатақханадан шығармай қойғанына қарамастан, біз ел үшін, туған жер үшін деп ештеңеден аянбай, балконнан секіріп шығып, алаңға қарай бет алдық. Кешкі сағат сегіздер шамасы, дала қап-қараңғы, айнала қара суық. Алаңда 16 көлік аударылып жатқан, солдаттар мен полициялар барлығы жан-жақтан қоршап алған. Автобуспен спецназдар, тіпті танкалар да жүрді. Қолдарында түрлі қару-жарақ, дубинкалары бар еді. Ешкімді кіргізбеді, ешкімді шығармады. Алаңдағы жігіттер мен қыздардың үстіне су шашып, қорқытып жатты. Біз де сол жердегі жастармен қосылып, қарсы тұрдық. Қаруымыз жоқ еді, тек елге деген сүйіспеншілік пен туған жерге намысымыз ғана бар болатын. Сол кезде студенттер арасында өлім болғаны туралы да естігенбіз. Барымызды салып қарсылық таныттық, алайда қарсыласымыз қарулы болғандықтан бізді қуды. Құтылу үшін шатырға шығып, аман қалдық. Оралдық бір жігіттерді тиеп алып, автоматпен атып кеткендер болды. Біз барлығымыз ел үшін, тәуелсіздік үшін осылайша жанұшыра күрестік. Ақыры арманымыз орындалып, тәуелсіз елде өмір сүріп отырмыз. Сол кездегі студенттік достарым мен Алматы жастарының ерлігі арқасында», - деп кейіпкеріміз сол күнгі оқиғаны еске алды. Иә, тәуелсіздік – жастардың қанымен, жүрегіндегі ұлт рухымен келген баға жетпес құндылық. Оны жас ұрпақ ешқашан ұмытпауы тиіс. «Қазіргі бейбіт өмірдің қадірін жас ұрпақ жақсы түсінуі керек. Сол жылдардағы аға-әпкелерінің еңбегі – біздің барлығымыздың маңдай теріміз», – дейді ол.
Иә, бұл оқиғалар Арыстан ағамыздың ғана емес, сол кезеңдегі барлық жас жігіт пен қыздың тағдырындағы сынақ еді. Олар өз өмірін тәуелсіздік жолына арнап, ерлік пен сабырлылықтың биік үлгісін көрсетті. Тәуелсіздікке жету үшін жасалған бұл еңбек ешқашан ұмытылмайтын, қазақ жадында мәңгі сақталатын тарихи оқиға екені анық. Міне, осылайша Желтоқсан оқиғасы – тек өткеннің бетбұрысы ғана емес, тәуелсіздіктің қадірін жас ұрпаққа үйрететін өмірлік сабақ болып қала береді.
Г.МӘМБЕТҚЫЗЫ



