Алғыс арқалаған Думан

Алғыс арқалаған Думан
(0 Votes)

 Мамандыққа деген адалдық тек өз ісін шынайы сүйетін жандардың бойында болатыны хақ. Жауапкершілік, таза ниет, еңбекқорлық — осыншама бағалы қасиеттерді өз бойына жинаған бүгінгі кейіпкеріміз - аудандық аурухананың балалар хирургі Думан Тілеуғалиев. 

Кейіпкеріміз бала кезінен медицина саласында еңбек етуді армандаған, сол арманның жетегінде жеті жыл білім алып, бүгінде аудан халқы үшін еңбек етуде. Медицина саласына - келуім жүрек қалауым және ата-анамның да ықпалы болды дейді ол.

«Мен осы Мақат кентінде 1994 жылы дүниеге келіп, Мұса Баймұханов мектебінде білім алдым. Медицина саласына келуім жүрек қалауы. Ол бала кезден бергі арманым және ата-анамныңда ықпалы болды деп те айта аламын. Себебі анам Райхан аудандық ауруханада мейірбике болып қызмет атқарады. Өзімнің туған күнім осы дәрігерлер күнімен тұспа-тұс келіп тұрғаны тегіннен тегін емес деп білемін»-, дейді кейіпкеріміз.

Ол 2012 жылы мектеп қабырғасын аяқтап, сол жылы Қытай Халық Республикасы Сиань қаласындағы «Jiaotong university» оқу орнына оқуға түседі. Оқуды 2019 жылы балалар хирургі мамандығы бойынша тәмамдап, еңбек жолын облыстық балалар ауруханасынан бастайды. Кейін 2022-2023 жылдар аралығында Геолог ауылдық емханасына жұмысқа орналасады. Ал, 2023 жылдан бүгінгі күнге дейін аудандық ауруханада балалар хирургі болып қызмет атқаруда.

«Жаз мезгілі басталысымен мопед, мотоцикл тізгіндеген жас балалар көбейіп кетті. Соның салдарынан жол көлік оқиғалары көп болуда. Жылдамдықты шамадан тыс арттыру немесе бұрылыстардан уақытылы бұрыла алмау себебінен дәрігер қабылдауына жарақат алып келіп жатқандардың көбі дерлік балалар. Сол үшін сақтық шарасын назарда ұстау керек.

Одан өзге еңбектейтін балаларды қараусыз қалдырмауды ата-аналардан сұраймын. Өйткені, балалар жерде жатқан кез-келген затты аузына салып жібереді, жұтып та қояды. Ондай жағдайда біз ФГДС арқылы ішкі ағзаларын тексеріп, жұтып қойған заттарды құстыру арқылы кері шығарамыз.

Сондай-ақ, балалардың әртүрлі химиялық ерітінділер қосылған тұрмыстық заттарды ішіп қоятын жағдайлар да кездеседі. Сол үшін балаларды аса мұқият қарауға шақырамын. Мейлінше, балалардың қолы жететін жерге зиянды, ұсақ заттарды қоймаған дұрыс.

Сонымен қатар, ауданда балалар ойын алаңдары өте көп. Ол, әрине балалар үшін жақсы. Дегенмен де денсаулыққа зиян келтірер тұстары жетерлік. Ата-аналардан сұрайтыным: балаларын көзден таса қалдырмаса деймін»-, дейді кейіпкеріміз. Үш баланы тәрбиелеп отырған ол бүгінгі таңда балалар хирургиясының күн санап дамып жатқанын айтады.

«Мемлекет үшін ана мен бала денсаулығы - басты байлықтардың бірі. Әр бала дүние есігін ашқан сәттен бастап мемлекет қорғауында болады. Хирургия – ол үлкен сала. Оған адам жан-тәнімен кірісуі керек. Себебі, хирургия медицинаның ең ауыр, жауапкершілікті қажет ететін саласы. Егер науқасқа дұрыс ота жасалмаса, онда ол адамның денсаулығына орасан зиян келеді. Тіпті арты өкінішпен де аяқталуы мүмкін. Сондықтан да, осы мамандықты таңдайтын жастарға мамандықтарыңды жүрек қалауы арқылы таңдап, жауапкершілікпен қарауға кеңес беремін» -, дейді Думан дәрігер.

Иә, расымен де "сақтықта қорлық жоқ" деген бар. Кейіпкеріміздің сұхбат бойы балалар денсаулығы, олардың оқыс оқиғалардан сақтану туралы айтқан кеңестерін тыңдай отырып, «Міне, мамандығын нағыз сүйетін жан» деген ой келді.

«Науқас адам дерт пен дәрігердің ортасында тұрады. Егер ол дәрігерді жақтаса, екеулеп дертті жеңеді. Ал егер науқас дерт жаққа шықса, ол екеуі бірігіп дәрігерді жеңеді» деген сөз бар. Сондықтан, әр емделуші дәрігердің берген емін уақтылы алып, толықтай дәрігерді тыңдайтын болса ем оң нәтиже берері анық. Бала денсаулығы үшін бар білгенін аямайтын ақ халатты кейіпкеріміз Думан Жұматайұлына еңбекте табыс тілейміз.

Ботакөз Қасымова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT