Антына адал Рамазан

Антына адал Рамазан
(0 Votes)

 Басымыз ауырып, балтырымыз сыздай қалса ем іздеп, бәріміз алдына баратын дәрігерлер қауымының қоғамдағы орны қашанда ерекше.

Елімізде маусымның үшінші жексенбісі медицина қызметкерлерінің күні. Яғни, қоғамдағы аса жауапты саланы таңдап, ел тілегін жанына демеу етіп, Гипократтық антына адал дәрігерлердің мейрамы.

Аялы алақанымен адамдарды емдеп, алғыс арқалап жүрген ақ халатты абзал жандар ауданымызда жетерлік. Солардың бірі - ақ халатты Рамазан Елдосұлы.

Киелі Түркістан жерінен келген Рамазан бүгінде аудандық орталық ауруханада жалпы тәжірибелік дәрігер болып қызмет етеді. Ол 1996 жылдың 25 қаңтарында Ордабасы ауданы, Темірлан елді мекенінде педагогтар әулетінде дүниеге келген. Кейін Кентау қаласына көшіп, сондағы №14 мектеп гимназиясында білім алған Рамазан 2008 жылы іріктеуден өтіп, дарынды балаларға арналған Кентау қазақ-түрік лицейіне оқуға түседі. 2013 жылы мектепті үздік бітіріп, Түркістан қаласындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің медицина факультетінде білім алады.

Кейіпкеріміз медицина саласына келуіне ата-анасы ықпал еткендігін айтады.

"Бала күнгі арманым және ата-анамның батасы мен тілегінің арқасында бүгінде ақ халатты абзал жандардың қатарынан табылдым. Жалпы осы салаға келуіме ата-анам себепші болды. Өйткені, бала кезімде анама "өскенде кардиолог дәрігер боламын, жүрегіңізді емдеймін" деп уәде берген болатынмын. Сол уәдемде тұрып, 2020 жылы медицина факультетін жалпы тәжірибелік дәрігер мамандығы бойынша тәмамдадым", - дейді кейіпкеріміз Рамазан Аманулла.

Ол еңбек өтілін 2020 жылдың тамыз айында Қарағанды облысы, Бұқар-Жырау ауданында бастаған. Сол жерден тәжірибе жинақтап, 2022 жылдың наурыз айында мұнайлы мекенімізге келіп, жалпы тәжірибелік дәрігер маманы болып жұмысқа орналасады. Одан кейін орталық ауруханада жұқпалы аурулар бөлімшесінің меңгерушісі міндетін атқарды.

Рамазан азғантай уақыттың ішінде өзінің қарапайымдылығымен бірге адалдығымен, орнықты мінезімен және еңбек сүйгіштігімен көптің құрметіне бөленіп үлгерді. Ол халыққа жоғары деңгейлі қызмет көрсетіп, әрбір адамның дертіне шипа, жанына жалау болу дәрігердің басты міндеті деп есептейді.

"Әлихан Бөкейханұлы айтпақшы, ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден. Дәрігер болу оңай мамандық иесі емес. Біздің жұмыста салғырттық пен жайбарақаттылыққа орын жоқ. Әр адам өзіне тиісті міндетін адал атқарса, жұмыс нәтижелі болмақ. Сондықтан, алдыңа келген пациенттің жағдайын ойлап, олардың игілігіне жұмыс жасай білу қажет. Мен үшін ең жақсы мақтау - ол пациенттің менің берген емімнен нәтиже көруі. Болашақта дәрігер мамандығын таңдаймын деген жас талапкерлерге айтарым, дәрігерлік - бұл қиындығы мен қызықшылығы бірге жүретін қасиетті мамандық. Ол үшін көп ізденіп, еңбектену керек", - дейді ақ халатты абзал жан.

Дертіне шипа іздеген жанға кішіпейілділік пен рухани қолдау аса қажет екендігін жеткізген Рамазан халықтың алғысына бөленіп жүрсем, мен үшін үлкен жетістік сол дейді. Сондықтан ол ұдайы тәжірибелік білімін жетілдіріп, ізденіс үстінде жүреді.

"Денсаулық - адам жаны мен тәнінің амандығы. Біз осы мақсатта талмай еңбек етіп, жұмыс істеп келеміз. Өйткені, ел сенімін ақтаудың қаншалықты маңызды екендігін жақсы білеміз. Осы ретте барша медицина саласының қызметкерлерін атаулы мерекемен құттықтаймын! Еңбектеріңізне табыс, отбасыларыңызға амандық тілеймін!" деп ізгі тілегін жеткізді.

Иә, жаста болса ерінбей еңбек етіп, өзіне де, еліне де зор пайдасын тигізіп жүрген ақ халатты абзал жан Рамазан Елдесұлы бүгінгі жастарға үлгі етуге әбден лайық. Сондықтан, медицина саласында жемісті еңбек етіп жүрген оны антына адал, абыройлы жан десек, артық айтқандық емес.

Ә.ҚАСЫМ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT