Доссор мәдениет үйінде әлеуметтік сала қызметкерлері күніне орай салтанатты шара өтті. Мерекелік шарада көзге көріне бермес қиындығы көп жұмысты еңсеріп жүрген саланың іскер мамандары құрметке ие болды.
Мерекелік кеш «Еркем-ай» үлгілі би ансамблінің қазақ биімен ашылды. Кейін аудан әкімінің орынбасары Ербол Ермағамбетов құттықтау сөз сөйлеп, бір топ қызметкерге аудан әкімінің алғыс хатын табыс етті. Олардың қатарында аудандық зейнеткерлер мен мүгедектерге әлеуметтік қызмет көрсету аумақтық орталығының директоры Жасұлан Есенғожин, орталық қызметкері Бибігүл Қанатбаева, орталық тәрбиешісі Алмагүл Есенова, орталықтың әлеуметтік қызметкері Сая Тайманова, аудандық Мансап орталығының маманы Сағадат Маженова, Доссор кенті әкімі аппаратының бас маманы Ақтоты Әлмұханова болды.
Одан әрі Ақболат Отаубай мереке иелеріне арнап «Отаным ана» әнін шырқағаннан кейін сахна төріне көтерілген аудандық мәслихат төрағасы Азамат Шаңғалаев сөз сөйлеп, сала мамандарының қоғамдағы рөлін атап өтіп, әлеуметтік қызметкерлердің қызметіне мұқтаж жандарға көрсетіліп жатқан мейірімі мен қолдаулары үшін разылығын білдірді. Сондай-ақ бірқатар қызметкерлерге қажырлы еңбектері үшін алғыс хат ұсынды. Марапат биігінен көрінгендердің қатарында аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің инспекторы Назкен Жұмабай, аудандық зейнеткерлер мен мүгедектерге әлеуметтік қызмет көрсету аумақтық орталығының әлеуметтік тәрбиешісі Эльвира Лесова, аталмыш орталықтың тазалықшысы Гүлшат Қайырқұлова, орталықтың күтім әлеуметтік қызметкерлері Үміт Бегімова және Мендіхан Мұхамбеталиева болды.
Сондай-ақ кеш барысында көрермен болған сала зейнеткерлеріне естелік сый-сияпат табыс етілді. Шара соңында Доссор мәдениет үйінің және қалалық өнерпаздар мереке иелеріне арнап концерттік бағдарлама ұсынды. Гүлмира Жұмабаева «Қазағым сөнбесін» және «Дей салдым», Ануар Күркебай «Махаббат бер маған», «Гив ми иор лов» әндерін шырқаса, «Балауса» би тобы «Шаттық» биін мың бұрала биледі. Ал «Туған жер» әнімен Ардақ Дүзелбайқызы шараны қорытындылады.
М.ІЗТҰРҒАНОВА