ЖҰМЫСТЫҢ ЖАМАНЫ ЖОҚ

ЖҰМЫСТЫҢ ЖАМАНЫ ЖОҚ
(0 Votes)

Қазір жергілікті жерде табыс табуға мол мүмкіндік беретін жұмыстардың бірі – құрылыс жұмыстары. Алайда, соны жүзеге асыруға жергілікті мамандар жетіспей жататыны өтірік емес. атқаруға мамандар табылмай жатады. Жер аяғы кеңіп, күн жылынғалы Исатай ауданының Тұщықұдық ауылының өзінде тұрғын үй құрылыстары қарқын алып тұр. Ауыл әкімінің әлеуметтік желіде «ауылымыздан 17 үй салынады» деп жазғанын көзіміз шалған. Енді сол сөз іске айналып, қазір ауылдың әр тұсында топырағы төгіліп, іргетасы құйылып, енді қабырғаларын қалау жұмыстары басталып жатқан нысандардың қарасы көбейді. 

Бұрын иесіз тұрған, қараусыз қалған, құлау қаупіне жеткен бірнеше «жаман үй» күреліп, орындарында әлгіндей жұмыстар жүруде. Сондай-ақ, өткен жылы сыртқы жұмыстары бітіп, енді ішкі жұмыстары жүріп жатқан жекелеген тұрғын үй құрылыстарында да жұмыстар жанданған.  

Бәрі жақсы... Алайда, соның бәрінде дерлік жұмыс жасап, нәпақа тауып жатқандар – ауызекі әңгімедегі «қалпақтар», яғни өзбек ағайындар. Олар да алды қырыққа таяп, ортасы отызды орталап тастаған, соңы он сегіз-жиырма жастың о жақ-бұ жағындағы жігіт-желең. Бәрі де жұмысқа дегенде әбжіл, әйтеуір бір тыным таппайды. Таңғы жетілерде жұмысқа кіріседі, бір сағаттық түскі үзілістен кейін басталған жұмыстары кешкісін күн қауыса аяқталып жатады. Қарап тұрсаң, бәрі өз міндеттерін жетік меңгерген жұмысшы жандар. Бірі тас қаласа, бірі лайын дайындап, бірі биіктей түскен қабырғалардың жанына сатыларды орналастырып, әркім өз міндетін бөлісіп алған әрі сол істің маманы. –Материалдары келіп тұр, уақытында бітіреміз, еңбекпұлымыз бастықтармен келісілген,-дейді олар. Айтуларынша, осы жаққа өткен, тіпті, алдыңғы жылдардан бері келіп, нәпақасын айырып жүргендері аз емес арасында. Өзара келіседі, дер кезінде керек материалдар келіп тұрады, бұлар құрылыс жұмыстарын уақытылы бітіреді. Жұмыс берушілер бұларға разы, бұлар да оларға риза. Ал біздің жергілікті жастар болса, тек бірен-саран құрылыс бастарынан жолығады. Сондайда бізде жұмыс жоқ емес бар, мамандар жетіспей жатқан болып тұр-ау деген ой келетіні рас. 

Мамандар қазіргі кезде жұмыссыздардың жұмыс таңдайтынын, өз мамандығына сай қызмет табылып тұрса да оның жалақысы жартусыздығын, болмаса басқа да бір олқы тұстарын көре қалып, ол жұмысқа барудан бастарын ала қашатынын айтады. Сондай-ақ, қазіргі жастардың, бәріне бірдей күйе жағудан аулақпыз, алайда «ауыр, жаман жұмыс» деп таңдап, ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүріп кетуге дайын тұратындары басымдығын жоққа шығармайды олар. Айтуларынша, құрылыс жұмыстары да қол күшін қажет ететін, күннің астында, желдің өтінде жүріп тер төгер іс болғандықтан көпшілік жастар оған барғысы келмейді. Осыдан кейін «Сіздердің құрылыс жұмыстары жүріп жатқан жерден біздің жергілікті жастарымызды, яғни жас маман жұмысшыларымызды кездестіре бермейтіндеріңізге бір себеп сол» деген уәждеріне үнсіз келісесің.

Қазір қай салада да, соның ішінде құрылыс саласында да жұмысшы маманға сұраныс арта түсті. Жалпы, құрылыссыз тұрмыс болмасын ескерсек, жергілікті жұмысшы мамандар арасында тас қалаушылар мен сылақшы-сыршылар, дәнекерлеушілер, бетоншылар да аз болмағаны абзал сияқты. Әйтпесе, қазір осындай қызметте жүрген жергілікті мамандардың көбі, өзіміз де байқап жүргендей, жасы қырықтың қырқасына шыққандар.

 

Әсел ТАБИҒАТҚЫЗЫ

 

 

 

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT