1 тамызда «Астана Арена» стадионында әлемге әйгілі әнші Дженнифер Лопестің концерті толығымен коммерциялық негізде ұйымдастырылады. Билеттерді қалай және қашан сатып алуға болатынын «Астана Концерт» компаниясының продюсері Мәлік Хасенов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында айтты.
«Осы алаңда ресми түрде мәлімдеме жасамақпыз. Билеттер тек «Freedom Ticketon» билет операторы арқылы ғана сатылады. Сатылым 11 сәуірде сағат 11-де басталады. Билет сатып алғысы келетінде көп болады деп ойлаймыз. Билеттерді қайта сату мен алаяқтықтың алдын алу үшін әлемдік тәжірибеге негізделген жүйе қолданылады», – деді спикер.
Оның айтуынша, билетті сатып алғаннан кейін сатып алушы алдымен толық билет емес, ваучер алады. Бұл билет брондалған болып саналады. Концертке кіруге мүмкіндік беретін бірегей QR код сатып алушыға іс-шараға дейін үш күн қалғанда жіберіледі. Әрбір сатып алушы бір банктік картадан төрт билеттен артық сатып ала алмайды. Бұл сол билеттерді баламалы алаңдарда 2-3 есе қымбатқа сатылмас үшін жасалады.
«Бұл әлемдік деңгейдегі концерт болғандықтан, өте маңызды келісімшарт пен қауіпсіздік бойынша райдер бар. Мемлекеттік органдардан қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша белсенді атсалысуын сұрадық. Жақын арада құқық қорғау органдарының қатысуымен үлкен кеңес өтеді және бұрын-соңды болмаған қауіпсіздік шаралары қабылданады», – деп түйіндеді Мәлік Хасенов.