Кеше Бәйгетөбе мектеп-бөбекжай кешенінің базасында Атырау облысы Ішкі саясат басқармасының қолдауымен «Gylym Dauiri» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен, сондай-ақ Атырау облысы Білім беру басқармасымен өзара серіктестік меморандумына негізінде «AtyrauRobo» жастар фестивалі өтті.
Аталмыш фестивальдің басты мақсаты- жастардың техникалық шығармашылық әлеуетін арттыру, олардың инновациялық ойлау қабілеттерін дамыту, жаңа технологиялар мен ғылым салаларында терең білім мен дағдыларды меңгеруге ынталандыру болды.
Жалпы «AtyrauRobo» фестивалі екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде Атырау облысының 7 ауданында техникалық шығармашылық бойынша оқыту ұйымдастырылып, инженерлік шешімдер байқауы өткізіледі. Екінші кезеңде 14-тен 18 жасқа дейінгі кемінде 400 адамды қамтитын «AtyrauRobo» облыстық жастар фестивалі екі күн бойы өтетін болады.
Жобаға қатысушы оқушылар өздерінің білім мен білік дағдыларын көрсете отырып, инженерлік байқауға қатысып, өзара сынға түсті.
Жоба қатысушылары шеберлік сағаттары мен инженерлік байқаулардан кейін сертификатталды. Сондай-ақ, инженерлік байқау ұйымдастырылып, ынталандыру сыйлықтары табысталды. Жоба соңына дейін Атырау облысының 7 ауданында 200-ден астам қатысушы сертификатталады деп жоспарлануда.
Айта кетейік, фестиваль аясында қатысушыларға шеберлік сағаттары, жарыстар, Hackathon, лекциялар, экскурсиялар, көрмелер ұйымдастырылып, белгілі спикерлердің қатысуы қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар, білім саласындағы мекемелер, ұйымдар, белсенділер және басқа да кәсіптік оқу орындары мен жеке орталықтар шақырылады.
Ж.Қамза