Ұстаздық ұлағатымен танылған Раиса

(0 Votes)

Қазақтың байтақ даласы бүгінде 130-дан артық ұлт өкілдеріне ортақ қасиетті мекен. Сол себепті де 1 мамыр – халқымыздың бірлігі күні болып есептеледі.

Бұл мереке ел ішіндегі түрлі ұлт пен дін өкілдерінің бір-біріне деген сый-құрметін арттырып, татулықты, бірлікті, ортақ құндылықтарды насихаттауды мақсат етеді. «Бірлік болмай тірлік болмас» деген атам қазақ. Берекені көздеген ел мерекелі тірлік жасаудан жалықпаған. «Береке бастауы бірлік, ел іші тату тірлік» қағидасын ұстанған ауылымызда да өзге ұлт өкілдері қоныстанған.

Солардың бірі - Чмарина Раиса Филиповна 1973 жылы 12 маусым күні Мақат кентінде дүниеге келген. Неміс ұлтының өкілі Раиса Филиповнаның ата-анасы 1944 жылы мұнайлы өлкеге қоныс аударған екен. Пейілі даладай дархан, жүрегі жомарт қазақ халқы қиын-қыстау кезеңге тап болған әке-шешеме пана болып, қанатының астына алғанына дән ризамын дейді. Ол 1980-1990 жылдары жергілікті мектепте білім алып, 1990 жылы Атырау педогогикалық университетіне оқуға түседі. 1995 жылдан бастап Мақаттағы №76 Л.Шахатов атындағы орта мектепте орыс тілі мен әдебиет пәні мұғалімі болып еңбекке араласады. Раиса Филиповна еңбек жолында көптеген ашық сабақтар мен сабақтан тыс шаралар, семинарлар, дебаттарға қатысып, өз білгенін кейінгі ұрпақ жас мамандарға тәлім тәрбие беруге өз үлесін қосуда. Раиса Филиповнаның аудандық, облыстық байқаулардан алған жүлделері де жетерлік.

Өз жеңістері мен жетістігін оқушыларының білімінен іздейтін ұстаздың ұстанымына сай оқушыларының да жетістіктері көпке үлгі. Шәкірт жүрегіне жол таба білген Раиса Чмарина – күнделікті сабақ өткізу барысында да неше түрлі әдіс-тәсілдерді жаңа технологияны пайдаланады. Жолдасы темір жол саласында қызмет атқарады. Отбасында 2 баласы тәрбиелеп отырған Раиса – өз мамандығын шебер меңгерген, озық ойлы ұстаз. Ұжымдастар арасында сыйлы, көпшіл, үлкенді сыйлай білетін, кішінің тілін таба білетін жан. Міне, осындай жандар арамызда қызмет жасап, еліміздің болашағы жастардың білім алуына өз үлестерін қосып отырғанда, ел болашағы жарқын болады деген сенімдемін.

«Тәуелсіздік жыларындағы алған асуларымыз бен жеткен жетістіктерімізде елімізде өмір сүруші барша ұлт өкілдерінің еншісі бар. Осындай мол табыстарға қол жеткізуде аудан жұртшылығының да өзіндік үлесі мол. Себебі осындағы барлық ұлттардың татулық пен келісімде өмір сүруінің арқасында баршамыз алаңсыз өмір сүріп, білім алып, еңбек етудеміз. Мамыражай мамыр – бірлік мерекесі құтты болсын. Бір шаңырақтың астында сыйластығы жарасып, ғұмыр кешіп жатқан барша қазақстандықтардың берекесі мен бірлігі мәңгі жасасын,- дейді Раиса Чмарина.

К.Алишева,

аудандық Аналар кеңесінің төрайымы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521