Тарихы терең, шежіресі шерлі қазақ халқы қашаннан да бауыры кең, құшағы ашық ел болғанын барша жұрт мойындайды. Оны біз жеріміздің кеңдігінен ғана емес, пейліміздің кеңдігімен де, ырысты тірлігімізбен ғана емес ынтымақты бірлігімізбен де дәлелдеп отырмыз. Міне, ынтымағы мен бірлігі жарасқан елімізде жүзден астам ұлт өкілдері бір шаңырақ астында өмір сүріп жатыр. Қазақтай шуақты шаңырақ астында кереге жайып, уық болып шаншылған өзге ұлт өкілдерінің бірі – орыс ұлты. Олар ұлты басқа болғанымен қазақы құндылықтарға құрметпен қарап, салт дәстүрді дәріптеп келеді.
Солардың бірі – мұнайлы мекен Доссор кентінің тумасы Евгения Ратанова. Ұлты орыс демесеңіз, Евгения қазақшаға судай. Оны белсенді жан ретінде оқушы кезінен білемін. Елгезек қыз мектептің тынымсыз тіршілігіне белсене араласып, алғырлығымен көзге түсіп жүретін. Қазақ тілі пәнінен пәндік олимпиадаларға қатысып, мектептің мерейін тасытуға да өзіндік үлесін қосқан еді. Ұстаздарының мақтанышы болған 22 жасар Евгения бүгінде өзі де ұстаздық жолды таңдап, шәкірт тәрбиелеуде. Евгения Анатольевнаның арғы тегінің бүгінде мұнайлы мекенде мекендегеніне жүз жылға жуық уақыт болыпты. Ресей Федерациясы Ярославль қаласының тұрғындары атасы Михаил және әжесі Екатерина ашаршылық жылдарындағы нәубетке шыдамай 1926 жылы Доссорға қоныс аударады. Атасы Михаил Омбыдағы Шоқан Уәлиханов оқыған кадет копрусында білім алған әскери адам болған. Қазақ жеріне қоныс тепкеннен кейін әйелі Екатеринаның ағасы жұмыс жасайтын Гурьевтегі балық комбинатына қызметке орналасады. Ал, жұбайы Доссорда үй шаруашылығымен, балалардың қамымен қалады. Екі жылдан кейін Михаил дүниеден озып, Екатерина осы жерде бала шағасын жетілдіреді. Михаил мен Екатеринадан тараған ұрпақ, яғни қыздары медицина саласында қызмет атқарады. Қыздарынан тарған ұрпақ та ақ халатты абзал жандар қатарына қосылады. Солардың бірі – Евгенияның нағашы әжесі Валентина Миронова. Ол Доссордағы туберкулез диспансерінде медбике болып қызмет атқарып, бүгінде зейнеткерлікке қалған. Ал, анасы Елена Ратанова О.Сарғұнанов атындағы орта мектебінде тарих пәнінің мұғалімі болып қызмет атқаруда.
«Пейілі даладай дархан, жүрегі жомарт қазақ халқы қиын-қыстау кезеңге тап болған ата-бабама пана болып, қанатының астына алғанына дән ризамын. Тағдырдың жазуымен осы елге келген әрбір ұлтқа төрінен орын беріп, бір үзім нанымен бөліскен қазақтай қамқор халық жоқ шығар»,- деп Евгения өз алғысын жаудырды.
Евгения шұғылалы көктем де 2000 жылы Доссор кентінде дүниеге келген. О.Сарғұнанов атындағы орта мектебінде орыс тілде білім алса да, қазақ тіліне деген қызығушылығы, құрметі жоғары.
«Қазақша сөйлей бастасам көбісі қалай үйрендің деп таң қалып жатады. Кішкентай кезімнен қазақ балаларымен ойнап, қазақша сөйлеп өстім. Менің тілімді жаттықтырған кішкентай кезімдегі достарым десем де болады. Осылайша мектеп табалдырығын аттағаннан кейін қазақ тілі пәні апайымның көзіне түстім. 5 сыныптан бастап мені пәндік олимпиадаға дайындай бастады. Басында қиын болғанымен, уақыт өте келе өзіме бұл тіл ұнай бастады. Үйренуге деген қызығушылығым арта түсті. Сөйтіп көптеген жарыстарға қатысып, жүлдегерлер қатарынан көрініп жүрдім. Оның ішінде «Абай» оқулары және «Жарқын болашақ» олимпиадасына аса қызығушылықпен қатысатын едім. Қазақ тілі маған өте қатты көмектесті. Менің ойымша әр еліміздің тұрғыны мейлі ол өзге ұлт өкілінен болсын қазақ тілін біліп және сөйлеуі қажет деп есептеймін»,- деп Женя оқушы кезін еске алды.
Евгения 2017 жылы мектепті аяқтағаннан кейін Орал қаласындағы М.Өтемісұлы атындағы Батыс-Қазақстан унивситетіне Атырау облысы әкімінің грантымен оқуға түседі. Биылғы 2021-2022 оқу жылында «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы Л.Шахатов атындағы орта мектебіне бастауыш пәні мұғалімі болып еңбекке араласты. Анасының жолын қуған жас маман еліміздің өркендеуіне үлес қосатын білімді шәкірт тәрбиелуге үлес қосамын дейді.
«Әжем үнемі қазақ халқының мейірімділігі мен бауырмалдығын жиі айтып отырады. Бұл қасиетті мен де әр қазақтың бойынан байқаймын. Менің туған жерім – қазақ жері, Доссор топырағы. Сондықтан өзімді Тәуелсіз қазақ елінің ұрпағымын деп зор мақтанышпен айта аламын. Қазақы салт-дәстүрді құрметтеймін, қалай орындалатындығында жақсы білемін. Шынымды айтсам, өз ұлтымның салт-дәстүрінен гөрі қазақ ұлтының әдет-ғұрпын жақсы білемін деп айтсам қателеспейін»,- деп жымиды Женя.
Иә, қаршадай қыздың туған жерді, ана тілді сүйіп өскені көпке үлгі етуге тұрарлық. Бұл әжесі мен анасының берген тәлімі мен тәрбиесінің арқасында екені сөзсіз.
«Қазақстан халқының бірлігі күні – бұл достық, сыйластық пен ынтымақ мерекесі. Қазақстан аумағында біз – тату өмір сүретін бір халықпыз. Бірінші мамыр мерекесінің мәні де осында деп білемін. Маған қазақстандықтардың ұлтшылдыққа, нәсілдікке бөлінбейтіні, бауырмалдығы қатты ұнайды. Кеңпейілділігі мен қонақжайлылығы ерекше сүйсінтеді. Сондықтан да барлығымыз туған жердің төсінде, құшағын жайған бейбіт елдің ішінде ел бірлігін сақтауға атсалысып, әрқайысымыз татулыққа, келісімге, бірлікке өз үлесімізді қосуымыз қажет. Қазақ халқының қанына сіңген осы берік бірлігі, ұйымшылдығы, басқа халықтармен одақтасуы, достасуы жеңістен жеңіске жеткізуде деп айтуға келеді. Оған халық және тарих куә!»,- деп қазақ халқына деген ризашылығын осылайша жеткізді Евгения.
М.ІЗТҰРҒАНОВА