Қазақ отбасының келіні - Гульфия

(0 Votes)

«Ынтымақ – оқ өтпес сауыт, Татулық – тамаша сауық» - дегендей, бүгінде еліміз үшін бірлік күнінің орны ерекше. Себебі, қазақтың байтақ даласында татулығы мен бірлігі жарасқан 130-дан астам ұлт өкілдері мекен етеді.

Сондай-ақ, 1 мамыр - ел ішіндегі түрлі ұлт пен дін өкілдерінің бір-біріне деген сый-құрметтерін арттырып, ынтымақ пен бірлікті, ортақ құндылықты насихаттайтын айтулы мереке. Осы ретте мереке қарсаңында ауданымызда мекен еткен өзге ұлт өкілдері туралы жазуды жөн көрдік. Солардың бірі, ұлты татар болса да, жаны қазақ - Гульфия Кәрімова.

Гульфия Рашитқызы Доссор кентінде 1967 жылы 11 қарашада дүниеге келген. 1984 жылы қазіргі О.Сарғұнанов атындағы орта мектебін бітіріп, сол жылы Атырау педагогикалық училищесіне оқуға түседі. Оқуды 1986 жылы тәмәмдап, 1988 жылға дейін балабақшада қызмет атқарады. Содан соң, Атырау педагогикалық институтында оқуға түсіп, мектепке дейінгі педагогика және психология мамандығын алып шығады.

«20 жылдан астам уақыттан бері Доссор кентіндегі «Қарлығаш» балабақшасында тәрбиеші болып жұмыс жасаймын. Бала кезімнен бастап мұғалім болуды армандадым. Сол арманым бүгінде орындалды. Себебі, мен балаларды қатты жақсы көремін және балалар да мені жақсы көреді» - дейді кейіпкеріміз.

Айтуынша, Гульфияның ата-анасы да осы өңірде туып-өскен жергілікті тұрғындар. Әкесі - Рашит Әбдірахманұлы – 40 жыл бойы мұнай саласында, ал, анасы Рафиха Кәрімова – аурухана да медбике болып қызмет атқарған. Сондай-ақ, ол қазақ ауылында туып өссе де, қазақ отбасына келін болып түсу бастапқы кезде қиын болғанын да жасырмады.

«Әрине, бастапқы да қазақ отбасына келін болып түсу қиынға соқты. Қанша дегенмен, өзге ұлт өкілі ғой. Бірақ, ата-енем алтын кісілер болғандықтан, мені өз қыздарындай қабылдады. Содан соң, ешқандай қиынға соқпады. Бүгінде жолдасымен бірге 2 қыз, 1 ұл тәрбиелеп отырған бақытты отбасымыз», - дейді аяулы келін атанған Гульфия.

Ол сондай-ақ, отбасында қазақы салт-дәстүрді жақсы ұстанатынын тілге тиек етіп, қазақтың ұлттық тағамдарын жиі дайындайтынын жеткізді.

«Қазақтың «бешбармақ», «қуырдақ» сияқты ұлттық тағамдарын дайындағанды жақсы көремін. Сондай-ақ, жұма күні үнемі жеті шелпек пен бауырсақ дайындаймын. Ал, демалыс күндері татар бәлішін, татар халқының ұлттық тағамы «эчпочмакты» әзірлеймін. Кейде кешкісін отбасымызбен жиналып, қазақ және татар әндерін айтып, би билейміз. Және демалысымыз да ауламызда жақсы отырыс ұйымдастырып, кәуәп дайындаймыз»,-дейді ол.

Сонымен қатар, Гульфия 1 мамыр – бірлік күнінің өзі үшін ерекше мереке екендігін айтып өтті.

«Барлық Қазақстан азаматтарын бірлік күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл – ерекше мереке. Қиын-қыстау замандарда қаншама ұлт пен ұлыстарды жатсынбай бауырына басқан қазақ халқына алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Қазақстан, оның ішінде Доссор біздің қасиетті мекеніміз деп мақтанышпен айта аламын. Бүгінгі күні тек әлемде әрқашан тыныштық болсын дегім келеді. Себебі, бұл ең маңыздысы» - деп ізгі-тілегін жеткізді.

Иә, өзіндік дәстүрі бар татар халқынан шыққан Гульфияның қазақ ортасында өсіп-жетілуі, халқымыздың өзге ұлтты жатсынбай, ортақ Отан сыйлаған, кең пейілді халық екеніміздің тағы бір айқын дәлелі. Бір шаңырақтың астында ұзақ жылдар бойы ұлт пен ұлыстың достық пен татулықты ту етуі – халқымыздың бірлігінің арқасында. Одан бөлек, көптеген ұлттар шаңырағына айналған Қазақстан – бейбітшілік пен келісімнің анық үлгісі. Ендеше, егемен еліміздің еңсесі биік болып, тәуелсіздігіміздің туы мәңгі желбіресін!

Ә.ҚАСЫМ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT