Шаңырақ шаттығына бөленген балалар (ВИДЕО)

(0 Votes)

Айлардың сұлтаны – Рамазан айының  қарсаңындағы күндердің төресі, қасиетті жұмада Доссор кентінде жақсылықтың жаршысындай болған керемет сауапты іс орын алды. Алматылық «Asar-ume» қайырымдылық қорының жетекшілігімен, жергілікті «Айналайын баладан» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен және Ария Дінішева, Махамбет Қуанышев, Талғат Құсайынов сынды тұрғындардың ат салысуымен 9 балалы отбасыға үй табыстау шарасы өтті.

Сағынтай Қазмұханов пен Гүлсара Әбденова 9 бала тәрбиелеп отыр. Балаларының алды 8-сыныпта оқиды. Екі баланың мүмкіндігі шектеулі. Аналары үй шаруасында болса, әкелері жанармай бекетінде күзетші болып қызмет ететін. Пандемия салдарынан жұмыссыз қалып, таяуда ғана қызметіне қайта кірісуде. Осы уақытқа дейін туыстарының үйін паналап келген бұл жанұяға өз баспаналары қатты қажет еді.

Жергілікті қоғам белсенділері арқылы  жағдаймен хабардар болғаннан кейін республикалық  «Asar-ume» қайырымдылық қоры арнайы қорға қаржат жинады. Нәтижесінде, еліміздің түкпір-түкпіріндегі жаны жомарт жандардың арқасында 5 млн теңге жиналды. Ол сомаға Доссор кентінен 6 бөлмелі кең үй алып берді. Және үй ғана емес, үйге қажетті мүліктерді де  тапсырды.

Сондай-ақ, игі істің басы-қасында аудандық білім бөлімі бірге болып, мерекелік дастархан ұйымдастырса, Доссор орталық мешіті кілем сыйлады. Инватаксимен аудандық ішкі саясат бөлімі мен «Қазақ соқырлар қоғамы» қоғамдық бірлестігі көмек қолын созды.

qaiyrymdylyqq

 Ал, өз аттарынан қаржы жинаған муай-тайшылар үлкен істен тыс қалмауға тырысты. Қуанышты шарадағы көңіл күйді Доссор өнер мектебінің өнерпаздары көтерді.

«Алланың қалауымен, халықтың қолдауымен үлкен қайырлы істі жүзеге асырдық деп есептеймін. Барша қолдау танытқан ағайынға алғыстан басқа айтарымыз жоқ, балалар ауырмасын!», - деді «Айналайын баладан» қоғамдық қорының төрайымы Эльмира Мусина.

«Asar-ume» ұйымы құрылғалы бері 104 жанұяда тұратын 682 баланың баспаналы болуларына септігін тигізген. Олар халықтан жиналған ақшаға асарлатып үй тұрғызады немесе жаңасын сатып алып береді. Ұйымның негізін салушы Асхат Нұрмашевтың айтуынша, көмектесудегі басты талап - отбасында кемінде 6 баланың болуы және жылжымайтын мүліктерінің болмауы. Осы орайда ауылдан жырақта жүрсе де, жерлестері қол ұшын созып, қайырымдылық қорымен байланыстырып берген азаматтардың еңбектері зор екендігін айта кеткен жөн.

«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, ауданымызда балаларға бақыт сыйлайтын осындай шаралар ара-тұра болып тұрады. Бұл нарықтың қысқанына қарамай, өз тұрмысына шүкіршілік еткен  ағайынның кеңпейілділік қасиетінің белгісі шығар. Еселеп сауап жинап, жақсылық жасап жарысатын кез енді келді!

                                                                                                                                              А.Есжан

 

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT