«Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде!» Бабамыздың бұл нақылы арада қанша ғасыр өтсе де, өз өзектілігін сол қалпында сақтаған.
Әсіресе, бүгінгідей қоршаған ортамыздың халі нашарлап, саулығымыз жиі сыр бере бастаған тұста аурудың алдын алу - ерекше көңіл бөлуді қажет ететін дүние. Десе де, ұлттық болмысымызды дерт дендеген сәтте ғана дәрігерге жүгінетін жаман әдеттің жаулағаны жасырын емес.
"Барайын десем жер шалғай",- деп тексерістен өтуді маза көретін орталықтан жырақтау орналасқан елді мекендерге енді ақ халаттыларымыздың өздері келе бастады. Естеріңізде болса, өткен жылы ауыл медицинасын көтеру мақсатында ауданымызға демеушілердің қолдауымен жылжымалы медициналық комплекс тарту етілген болатын.
Аталмыш жылжымалы кешен өткен аптаның жұмасында 402-ші бекетке қарай беттеді. Учаскелік дәрігер А.Калбаева мен өзге де мейірбикелердің сұранысы бойынша ұйымдастырылған шараға жергілікті тұрғындар да дән риза. Олар алдымен скринингті тексерістен өтті. Сондай-ақ ,созылмалы аурулары бойынша есепте тұрған науқастар флюорографиялық, УЗИ зерттеулерінен өтіп, өзге де дәрігер мамандардың кеңесіне құлақ түрді. Он маманның қатысуымен жүргізілген медициналық көмек кешені әрі қарай да жоспарлы түрде өз жұмысын жалғастырмақ.
Келесі аялдама ескі Мақат екенін естеріңізге саламыз.
А.САДЫКОВ
Суреттер автордан