Атырау қаласында 1 қыркүйек пен 1 желтоқсан аралығында республика көлемінде өткізіліп жатқан «Учаске» жедел профилактикалық іс-шарасы аясында бірқатар тексеру жұмыстары жүргізілуде.
Осы бағытта Атырау қаласы полиция басқармасының учаскелік полиция инспекторлары мен Атырау қалалық мемлекеттік кірістер басқармасының қызметкерлері бірлесіп, көпқабатты тұрғын үй кешендерінде рейдтік іс-шаралар өткізді.
Іс-шараның негізгі мақсаты – учаскелік инспекторлар қызмет көрсететін аумақтарда құқық бұзушылықтың алдын алу, экстремизм мен терроризм көріністеріне жол бермеу, тұрғындармен сенімге негізделген өзара қарым-қатынас орнату, сондай-ақ пәтерлерді заңсыз жалға беру деректерін анықтау болып табылады.
Іс-шара барысында 250 пәтер тексеріліп, оның ішінде 25 жалдамалы пәтер анықталды. Тексеру барысында ҚР ӘҚБтК-нің 492-бабы, яғни Қазақстан Республикасында тiркеусiз не жеке басты куәландыратын құжаттарсыз тұру дерегі бойынша 13 әкімшілік хаттама толтырылды. Сонымен қатар жедел-іздестіру шаралары барысында күдік тудырған 6 тұлға анықталып, тиісті шаралар қабылданды.
Атырау қаласы полиция басқармасы тұрғындарға заң талаптарын қатаң сақтау қажеттігін ескертеді.


