АУДАНДА АЛАМАН БӘЙГЕ ӨТТІ

АУДАНДА АЛАМАН БӘЙГЕ ӨТТІ
(0 Votes)

Бүгін 25 қазан - Республика күніне орай бәйге алаңында Мақат ауданы әкімдігінің қолдауымен Атырау облыстық бәйге федерациясының ұйымдастыруымен ат бәйгесі өтті.

Бәйге алдымен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранымен ашылды.

Одан әрі аудан әкімі Азамат Мәмбетов ел рухын көтеретін ұлттық жарыстардың маңыздылығына тоқталып өтіп, бәйгеге қатысушы шабандоздарға сәттілік тіледі.

Айта кетейік, торқалы тойдың көркін кіргізген атжарыстың жүлде қоры қомақты теңгені құрады.

Алдымен атшабарға тай бәйгесінің тұлпарлары шығып, шабандоздар 6 шақырымды шауып өтті.

Нәтижесінде Маңғыстау облысы, Шетпе ауданынан келген Темірбаевтар әулетінің “Жұлдыз” атты тұлпарының шабандозы Абдулла Насихат мәре сызығын бірінші болып кесіп өтіп, жеңімпаз атанды.

Ал ІІ орынды Маңғыстау облысы, Шетпе ауданынан келген Сәрсенбай Орынбаевтың “Айдария” тұлпарының шабандозы Дулат Жамаш, ІІІ орынды Мақат ауданының тұрғыны Асылхан Сүндетовтің “Хантөре“ тұлпарының шабандозы Қайрат Нұрғазы иеленді.

Әрі қарай бәйге алаңы 9 шақырымдағы құнан жарыспен жалғасты.

Тұяғына шаң жұқпаған жүйріктер бәйгесінде І орынмен Маңғыстау облысының “Айрис” тұлпарының иесі Ахат Қоңырбаев пен оның шабандозы Мирас Айбекұлы,  ІІ орынмен Батыс Қазақстан облысы, Казталовка ауылынан келген “Дубай” тұлпарының иесі Нұралы Кенжемұрат пен шабандозы Ерқанат Нұрқанатұлы, ІІІ орынмен Мақат ауданы “Әдемі” тұлпарының иесі Асылхан Сүндетов пен оның шабандозы Шәкәрім Тәжі марапатталды.

Арғымақтар бас қосқан аталмыш шара 24 шақырымдық аламан бәйгемен қорытындыланды.

Бәйге жолындағы 24 шақырымда жүйткей жөнелген сәйгүліктер арасынан Батыс Қазақстан облысы, Бөрлі ауданынан келген Шариповтар әулетінің “Асылай” атты тұлпары мен шабандозы Саид Меңдіханов оза шауып, бәс бәйгені қанжығасына байлады.

Ал, Ақтөбе облысы, Шалқар ауданынан келген Руслан Қойшыбаевтың “Ақбақай” атты тұлпары мен шабандозы Мирас Хабидулла жарыс жолын екінші кессе, Ақтөбе қаласынан келген “Нұртас” ат әбзелдері дүкені иесінің шабандозы Айдар Сейдулла мен “Сүлікқара” тұлпары үшінші орынға ие болды.

Шара соңында барлық жеңімпаздар қомақты қаржылай сертификаттар және кубок, медальдармен марапатталды.

 

Ә.ҚАСЫМ

 

 

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

AQPARATPRINT