Атырау облысында «AMANAT» партиясының облыстық филиалы бастауыш партия ұйымдары арасында дәстүрлі «AMANAT QUIZ» интеллектуалдық додасын екінші жыл қатарынан өткізді.
Биылғы зияткерлік жарысқа барлығы 15 команда қатысып, өз білімдерін, ой-ұшқырлығын және командалық үйлесімділігін көрсетті.
Бұл сайыс партия мүшелерінің саяси сауаттылығын арттыруға, ұйымшылдық пен серіктестік байланысын нығайтуға, сондай-ақ белсенді азаматтық ұстанымды қалыптастыруға бағытталған. Қатысушыларға партия тарихы, мемлекеттік саясат, әдебиет пен мәдениет тақырыптарында түрлі сұрақтар қойылды.
Іс-шара барысында «AMANAT» партиясы Атырау облыстық филиалының төрағасы Абдолла Идресов қатысушыларды құттықтап, мұндай жобалардың партия жұмысындағы маңызын атап өтті:
«AMANAT QUIZ» – партия мүшелерінің білімін арттырумен қатар, ұйымшылдық пен бірлікті күшейтетін тиімді алаң. Мұндай бастамалар арқылы біз тәжірибе алмасуға, ой-өрісті кеңейтуге мүмкіндік береміз», – деді ол.
Тартысты сайыс нәтижесінде: 🥇 Құрманғазы ауданының командасы – жеңімпаз атанып, ауыспалы кубокты иеленді. 🥈 «АМӨЗ» бастауыш партия ұйымы – екінші орынға ие болды. 🥉 «KPI» бастауыш партия ұйымы – үшінші орынды қанжығалады.
Үздік деп танылған командаларға арнайы жүлделер мен алғыс хаттар табысталды.
📚 Іс-шара соңында ұйымдастырушылар мұндай жобалардың партия мүшелерінің білімін арттыруға, жастардың белсенділігін күшейтуге және «AMANAT» партиясы қатарындағы ынтымақ пен бірлікті нығайтуға зор үлес қосатынын атап өтті.
Хұсни ХАМЗА


