Атырау облысында еліміз бойынша алғаш рет республика деңгейінде «Самғау» жобасы іске асуда. Жастар жылына орай қолға алынған жоба аймақтағы жасөспірімдер мен жастарды оқыту, жұмысқа орналасу және лайықты жұмыс жасау дағдыларын дамыту, белсенді тренерлер даярлауды мақсат етеді.
Жобаның алғашқы кезеңі 28 шілде мен 2 тамыз аралығында Атырау қаласы Apec Petrotechnic жоғары колледжінде өтті.
Алты күнге созылған тренинг барысында облыстың жеті ауданынан келген 21 жас аймақтық тренер болудың дағдыларын үйренді. Тренингті Беларуссия елінен келген халықаралық тренер, Еуропа кеңесі жастар департаменті тренерлер кеңесі пулының мүшесі Юлия Станкевич, International Business Academy ұйымының шебер тренері Елена Данилова, жастармен жұмыс жөніндегі тренер, жастар қызметкерлері қауымдастығының төрағасы Нұрлыбай Наурызбаев жүргізді. Тренинг барысында қатысушылар жастармен жұмыс істеу әдістері, жаттықтырушылардың құзыреттері мен бейресми білім қағидаларымен танысты.
Ал, аталмыш жобаға қатысып, тренер атанған Айгерім Қангереева мен Мөлдір Ізтұрғанова ауданда жоба аясында ауыл тренерлерін дайындау кезеңін таяуда өткізді. Онда олар Нұр-Сұлтан қаласынан келген ұлттық тренер, бақылаушы Балкен Кузембаевамен бірлесе жастарды оқытып, тренерліктік қыр-сырын меңгертті. Мақат, Бәйгетөбе, Доссор кенттерінің белсенді жастарының басы бір арнаға тоғысқан бұл күнде олар бейресми білім қағидалары, жұмысқа орналасу дағдыларын, цифрлық құзіреттер, тренерлік және менторлық қасиеттерді үйреніп, өмірге қажет білімдерін жинақтады.
Енді ауыл тренері атанғандар ауыл жастарына дәріс жүргізеді. Қараша айына дейін 300-ден аса аудан жастарының бос уақыттарын тиімді пайдалануға жұмыстанып, жобаның мақсатына жетуге атсалысатын болады. Естеріңізге сала кетейік, бұл шаралар «Атырау облысы жастар саясаты мәселелері басқармасы» ММ-нің мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы бойынша Жастар қызметкерлері қоғамдастығының ұйымдастыруымен жүзеге асып жатыр.
Өз тілшіміз,
суреттер автордікі