Ата-аналардың кәмелетке толмаған балаларды күтіп бағу жөнінде адами және заңдылық тұрғыда да өз міндеттері бар. ҚР Конституциясында көрсетілгендей, «Балаларына қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу - ата-ананың құқығы әрі міндеті». Бұл міндеттемелердің аса маңыздылығы неке заңында толық, нақты анықталуында. Ата-аналардың өз балаларын асырау міндеттері тең болып табылады және алғашқы кезектегі парызына жатады.
Ал, шынайы өмірде ата-аналар бала алдындағы басты міндеттерін толық түсініп жүр ме? Бұл сұраққа жағымды және толық жауап беруге мүмкіндік болмай тұр. Өйткені, қоғамымызда балаларын асырап-бағудан жалтаратын ата-аналар жоқ емес, бар. Еліміздің барлық аумағында борышын өтегісі келмейтін ата-аналар жетерлік. Осының салдарынан қаншама бала ата-ана қамқорлығынан тыс қалуда. Сот бірінші кезекте баланың құқығын қорғап, шешім шығарарда ата-ана тарапынан оның барлық жағдайының жасалуын басты назарға алады. Бірақ әділ қабылдаған сот шешімінің орындалуына ата-аналар өздері кедергі келтіріп жатады. Заң бойынша сотпен белгіленген алиментті төлемейді. Сот орындаушыларда сот шешімдерін дер кезінде орындатуға мүмкіндігі бола бермейді. Өйткені алимент төлеуге міндеттелген ата-ананың бірі жұмыс жасамайтын болады. Табыс таппаған адамнан алимент өндіру қиын. Сондықтан, бұл тұрғыда балалардың қамын бірінші кезекте ата-ана ойлап, сезбейінше, мәселе жойылмайды.
ҚР Неке /ерлі-зайыптылық/ және отбасы туралы кодексінің 138-бабында ата- аналардың кәмелетке толмаған балаларды күтіп бағу жөніндегі міндеттері нақты көрсетілген. Атап тоқталсақ, ең бірінші ата-аналар өздерінің кәмелетке толмаған балаларын күтіп бағуға міндетті.Заңға сай, кәмелетке толмаған балаларды күтіп бағудың тәртібі мен нысанын - аналар дербес айқындайды. Сонымен қатар, ата-аналар өздерінің кәмелетке толмаған балаларын, сондай- ақ, жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру жүйесінде, күндізгі оқу нысаны бойынша жоғарғы оқу орнында оқитын кәмелетке толмаған балаларын күтіп-бағу туралы келісім /алимент төлеу туралы келісім/ жасауға құқылы. Олар бұл мәселеде өзара келісімге келе алады. Егер ата-аналар жоғарыда айтқандай, өздерінің кәмелетке толмаған балаларына, сондай-ақ, жалпы, орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру жүйесінде, күндізгі оқу нысаны бойынша жоғарғы білім алып жатқан жиырма бір жасқа дейінгі кәмелетке толған балаларына күтіп-бағу қаражатын ерікті түрде бермеген жағдайда, бұл қаражат олардан сот тәртібімен өндіріліп алынады. Ата-ананың бірі, яғни баланы асырауына алғаны көмек беруден жалтарған жақтың іс-әрекетіне сотқа шағымдануға құқылы.
Атап айтқанда, аудандық сотта кәмелет жасқа толмаған балаларды асырап бағу үшін алимент өндіру туралы 2018 жылдың 6 айында «61» арыз түсіп қаралса, 2019 жылдың 6 айында «29» арыз қаралып, қанағаттандырылған.
Бала-біздің болашағымыз, ертеңгі күніміздің келешегі, әрбір дүниеге келген сәби толыққанды жанұяда қатарынан кем қалмай, білім алып, аман-есен тәрбиеленуі ата-ананың ортақ парызы екенін естен шағармайық.
С.Кенбаева,
аудандық соттың кеңсе бас маманы