Президент ТРК түсірген «Халыққа қамқорлық» атты деректі фильм жарық көрді

(0 Votes)

«Қазақстан халқына» қорының құрылғанына үш ай болды. «Халыққа қамқорлық» атты деректі фильм осы уақыт ішінде қордың жұмысы қалай жолға қойылғанын баяндайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бұл фильм иығына түскен ауыртпалықты қабағын шытпай арқалаған ардақты азаматтар, оларға ауыр кезде қол ұшын созып көмектескен жомарт жандар жайында», - деп басталады туынды. Көрермен фильм барысында осы қордың құрылуына түрткі болған қаңтар қасіретін тағы бір есіне алады. Десанттық-шабуылдау батальонының командирі Еркебұлан Қарсыбековтің жұбайы сол мазасыз күндерді әлі толқусыз еске ала алмайды. 5 қаңтарда жұмысына кеткен жолдасы араға 18 күн салып қана үйіне оралған еді. Дәл солай қызметіне алаңсыз кетіп, оралмай қалған ұландар да бар. Ресми дерек бойынша, қаңтар оқиғасы кезінде 230 адам қаза тауып, мыңдаған адам жарақаттанған. Қордың бір бағыты – осы сын сағатта қоғамдық тәртіпті күзетіп жүріп ажал құшқан әскерилер мен сақшылардың отбасына көмек қолын созу. «Қазақстан халқына» қоры денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қолдау саласындағы ең күрделі мәселелерді шешуге бағытталған. Фильмге арқау болған жандардың тағдырына, басына түскен сынаққа қарап отырып, қордың қандай жауапты миссияны арқалайтынын түсінуге болады. Мысалы, Атырау қаласындағы үш баласы бірдей ауыр дертке шалдыққан отбасының қайсарлығы адамды ойлантпай қоймайды. Абырой болғанда, мұндай ауруды іргедегі Өзбекстан мамандары емдейтін болып шыққан. «Біз әр үш ай сайын халықтан ақша жинаймыз. Халықтың көмегімен, ағайын-туманың көмегімен 100 теңгеден, 200 теңгеден жиналған қаржымен, өзіміздің жинаған қаржымызбен сол жаққа барып-келіп жүрдік. Бұрын бір сапарға 500-600 мың кететін. Ая қызымыз пойызға шыдамайтын болғандықтан, ұшақпен қатынаймыз», - дейді ерекше балалардың анасы Мира Хадисова. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл қорды құру туралы бастаманы алғаш көтерген кезде арфандық ауруға шалдыққан балаларға көмек көрсетілуі керектігін айрықша атаған болатын. «Біз арфандық аурулармен ауыратын, яғни сирек кездесетін сырқаты бар науқас балаларға көмек көрсету үшін көп жұмыс істедік деп ойлаймын. Осындай балаларды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үшін 4 млрд теңге төледік. Денсаулық сақтау министрлігімен, жергілікті атқарушы органдармен бірге тағы да дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге 14,7 млрд теңге төлеу керек деп шештік», - дейді қордың басқарма төрағасы Болат Жәмішев. Тағы бір атыраулық Мұса есімді бір жасар баланың жүрегіне қажет отаны АҚШ, Германия, Израиль және Оңтүстік Корея елдерінің мамандары ғана жасай алады екен. Сұлташевтер отбасының ендігі жалғыз үміті осы «Қазақстан халқына» қорында. Болат Жәмішевтің айтуына қарағанда, қор құрылғаннан бері шетелде емделуге көмек сұрап 300-ден астам өтініш түскен. Қор басшысы сондай өтініштердің негізінде екі баланы Оңтүстік Корея мен Ресей астанасында жүрекке ота жасатуға жібергелі отырғандарын мысал етіп келтірді. Аутизмге шалдыққан баласын емдеу жолында тынбай еңбектеніп жүріп саланың мықты маманына айналған Гүлбарам Ермұханованың басындағы оқиға да деректі фильмге арқау болған. «Қазақстан халқына» қорының қамқорлығына іліккендердің бірі – Қарағанды облысы Шет ауданы Ақсу-Аюлы ауылында тұратын Алдабергеновтер отбасы. Осы үйдің жасы екіге де толмаған Айсезім атты сәбиі «бұлшықет артрофиясы» дейтін сирек кездесетін дертке шалдыққан. Анасының айтуынша, тілі «әке», «ана» деп айтуға келгенімен, аяқтан тұру, етпеттеп жатып, басын көтеру әзірге арман ғана. Осындай ауыр дертті баяулататын дәрінің құны – 1 млрд теңге. Оның өзінде жасы екіге толып, салмағы 13,5 келіге жеткенше салынып үлгеруі керек. Межелі шақ жақындаған сайын ата-ананың уайымы қалыңдай берген. Осындай сәтте «Қазақстан халқына» қорынан «Балаларыңызға көмек берілетін болды» деген ақжолтай хабар жетіп, жанкешті жандардың үмітін қайта оятыпты. «Ақпан айының соңында «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қамқоршылық кеңесі қаңтар оқиғасы кезінде қаза болған азаматтардың жақындарына 7 млн теңгеден жәрдемақы төлеу туралы шешім қабылдады. Ел тыныштығын қорғаймыз деп ауыр жарақат алған күш құрылымы қызметкерлері мен қаңғыған оқтан жапа шеккен балалардың ата-аналарына 3 млн теңгеден бөлінетін болды. Ел басына күн туғанда құрылған қоғамдық қор әлі де көмекке мұқтаж талай жанға қамқоршы болуға дайын» деп аяқталады фильм.

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT