Қоянбаевпен сыныптас болған қытай қызы

(0 Votes)

Талай тағдырларды бір арнаға тоғыстырған ұлан ғайыр кең даламыз жүздеген ұлт пен ұлыс өкілдерін бауырына басты. Әр ұлттың өзіне тән салт-дәстүрі мен сан түрлі наным сенімінің салтанат құрған жері де дәл осы Қазақстан! Қазақстан халқының бірлігі күні - дәл осындай қасиеттерімен құнды. Тарихы тамаша естеліктерден құралған мұнайлы өлкеде де әр түрлі ұлт өкілдері тату тәтті ғұмыр кешіп жатыр.

Немістеріміз бен кәрістеріміз жасыл желегімізді жайқалтуға жол сілтесе, ұйғырларымыз ұлттық тағамдарының өз құпияларымен бөлісіп жүр. Татарларымыз да төрімізде қатар отырып, орыстарымызды өзіміздің отбасымыздың бір мүшесіндей көргелі қашан? Даладай дархан пейілімізбен достығымыз жарасып жатқан осынау берекелі де шуақты күндерімізді жаратушы ием көп көрмегей! Жалпы өзге ұлт өкілдері туралы әңгіме өрбіту кім-кімге де қызық дүние.

Ал, сіз аудандық соттың бас маманы, сот мәжілісінің хатшысы Сағандықова Анжела Александровна ұлты қытай екенін білдіңіз бе? Иә, біздің ауданда қытай ұлтының қызы ғибратты ғұмыр кешуде. Әдетте қытайлықтардың кескіні десе көзі қысыңқы, орта бойлы, өңі ақшыл адамды елестетеміз ғой. Ал, жылы жүзді Анжела апамыздан бұл болмыстың бірін де байқамайсыз. Сірә, әжесіне тартқан болуы керек. Себебі оның әкесі қытай ұлтынан болғанымен әжесі неміс ұлтынан екен. Өзі де алты жасына дейін әжесінің қолында өсті.

"Мен 1979 жылы 11-ші шілдеде Қызылорда облысы, Шиелі ауданында дүниеге келгенмін. Қазір жолдасымның тегіндемін. Тұрмысқа шыққанға дейінгі тегім Ван болатын. Анам қазақ, Мақаттың қызы. Ал, әкем Қызылорданың тумасы ұлты - қытай. Екеуі де теміржолшы болған жандар. Әкем анаммен іссапар барысында танысып, жанұялық жаңа өмірлерін Қызылорда облысында бастағанымен 1985 жылы жұмыс бабымен Мақат ауданына көшіп келеді",-деп әңгімесін әріден бастады Анжела Александровна.

Әрі дейміз ау бұның барлығы күні кеше өткен оқиғалар ғой олар үшін. Ал, оның арғы жағында бұдан да қызықты естеліктер жатыр. Мақаланың басында атап өткеніміздей кейіпкеріміздің әжесі немістің қызы. Көз көргендердің айтуынша қазіргі Х.Санбаев атындағы орта мектебінің айналасында немістерді ұстаған концлагерь болыпты-мыс. Әжесі сол кезде 15-16-дағы қыз болса керек. Жанында тағы бес алты қыз болып қашып шығудың ретін тауыпты. Сөйтіп олар қара пойызға мініп Шиелі ауданынан ұсталып қалады. Бірақ 15-16 жастағы қызды соттай алмай оларды жіберіп қояды. Енді қаршадай қыз өмір сүрудің қамын жасау керек. Сөйтіп сол жақтан ұлты қытай азаматын кездестіріп соған тұрмысқа шығады.

"Әжем атамнан 30 жас кіші болған. Ол 14 құрсақ көтергенімен оның тек жетеуі ғана тірі қалыпты. Сол жетеуден бүгінде төртеуі жердің бетінде. Әкем бес жыл бұрын дүние салды. Ал өзім үш ағайындымын. Қазір інім бар, сіңілім кішкентай кезінде өмірден озды. Осы Мақатта өсіп жетіліп Сағындықовтар әулетіне келін болып түстім. Жан-жарым Жолдас есімді азамат бүгінде ол да дүние салды. Қазір үш бала тәрбиелеп отырған жайым бар",-дейді болмыс бітімі әбден қазақыланып кеткен Анжела апамыз.

Жалпы бала Анжеланың тілі алғашында орысша шығады. Ол тұрмысқа шыққанға дейін орыс тілінде сөйлеп, орысша тәлім алады. Әкесінің ұлты қытай болғанымен анасы екеуі орысша тіл табысатын. "Бірақ әкем қазақша түсінетін еді",-дейді. Бұл әулеттің бір қызығы тек қазаққа ғана қатысты емес бірнеше ұлтпен байланысты. Мәселен әкесінің бір ағасы мен бір інісі қазір сонау Германияда ғұмыр кешіп жатырса, бір інісі Ресейде. Сондай-ақ, үлкен апасының жары украин болса, екінші апасының жары таза беларусь. Ал әкесінің інісінің әйелі неміс қызы, Ресейдегі інісінің жары орыстан.

"Бала кезімде сіңілім қайтыс болғаннан кейін, анам қатты уайымға түсіп мені Шиеліге апама жіберді. Бір қызығы апамның келесі көшесінде Нұрлан Қоянбаев тұратын. Ол кездегі тәртіп те тым жақсы ғой. Сөйтіп апайымыз мені жаңадан келген оқушы болғандықтан "Осы қыз сенің мойныңда",-деп мені Нұрланға тапсырды. Ұстазымыз тапсырғаннн кейін сөмкемді үйіме дейін апарып тастап, қамқорлығын танытатын. Бірақ қазір есінде жоқ болармын",-деп езу тартты кейпкеріміз.

Иә, апамыздың айтуынша танымал әзілкеш бала кезінде де мектептегі шараларда өте белсенді болған екен. Кейіпкеріміз аудандық сотта қызмет етіп келе жатқалы биыл наурызда он бес жыл уақыт болған екен. Әр мамандықтың қызығы мен шыжығы қатар жүреді емес пе?!

"Алғаш жұмысқа кірген жылдары сот залынан небір оқиғаларды көріп жанымыз түршігетін. Тіпті түсімізге енетін. Ұлдарына ауыр үкім кесіліп жатқан аналар мен бірге көңіліміз босап, ажырасып жатқан жұптарды көрсек тезірек қосылса екен деп тілеп тұратынбыз",-дейді.

Сөз соңында мерекелік лебізін білдірген Анжела Александровна ұлтқа бөлінбей тату тәтті өмір сүрейік деп тілегін жеткізді: "Мерекеміз құтты болсын! Жан-жақтағы жағдайды көріп жатырмыз ғой. Бауырлас ұлттардың өзі бір-бірнің қанын мойнына артып жатыр. Жаратқан елімізді бүгінгідей ауыз біршілігімізден айырмасын!"

А.САДЫКОВ

сурет автордан

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521