Ұстаз болу — екінің бірінің қолынан келе бермейтін, әрі аса үлкен жауапкершілікті қажет ететін жұмыс. Қазақтың аса көрнекті ағартушы-педагогы Ы.Алтынсарин «Адамның адамгершілігі жақсы ұстаздан болады» дейді. Өйткені, мұғалім – адамды тәрбиелейтін тұлға. Бүгінде шәкірт тәрбиелеу ісінің озық үлгісін көрсетіп жүрген ұстаздар династиясының бірегейі – Төлешқалиевтер әулеті.
Династияның төре шыңы – Есенжан Төлешқалиев. Ол 1971 жылы Гурьев педагогикалық институтының тарих пәні факультетіне оқуға түсіп, оны 1975 жылы тәмамдаған. Сол жылы жолдама арқылы Байшонас орта мектебіне мұғалім болып орналасқан. Солай ұстаздық жолы осы мектептен бастау алған.
Кейіннен 1976-1977 жылдар аралығында әскер қатарында болып, 1977 жылы Абай атындағы қазақ орта мектебіне тарих пәні мұғалімі болып жұмысын жалғастырған.
Ұзақ жылдар нәтижелі жұмыс атқара білген ол 2000 жылы осы мектептің директоры болып тағайындалып, 2009 жылдан бастап С.Шарипов мектеп-интернатына басшылық қызметке ауысқан.
Одан өзге ауданның қоғамдық жұмыстарына белсене араласып, мәслихат депутаты, кент әкімі лауазымдарында жұмыс жасаған.
Әрине, білім көшін жылжытып келе жатқан ұстаздар қауымына құрмет қашанда арта бермек. Осы орайда, шәкірт тәрбиелеу ісінде үздіксіз еңбек ете белген ұстаздың мәртебелі марапаттарын да айта кетуді жөн санадық.
Ол ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін «Атырау облысы мәслихаттарына 25 жыл», «Қазақстан мұнайына 120 жыл», «Мақат ауданының 95 жылдығы», «Доссор мұнай кен орнына 100 жыл» төсбелгілерімен марапатталып, 2021 жылы «Мақат ауданының Құрметті азаматы» атағына ие болған.
Ал, ұстаздың жұбайы Үміт Балмағанбетова С.Шарипов атындағы мектеп-интернатында аға тәрбиеші, кейіннен бастауыш сынып мұғалімі болып ауысқан.
Сонымен қатар, ол аудандық мәдениет үйінің және пионерлер үйінің директоры қызметтерін қоса атқарған.
Бүгінде қос ұстаз – құрметті демалыста.
Ата-ана жолын жалғаған қызы Ляззат 2000-2005 жылдар аралығында Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде білім ала жүріп, А.Құнанбаев атындағы орта мектепте мұғалімдік қызметті қоса атқарған.
2005-2011 жылдар аралығында «Доссор мұнай және газ» колледжінде, 2011 жылдан бері С.Шарипов атындағы Доссор мектеп-интернатында еңбек етіп келеді.
Түйін: Иә, ұстаз деген – ұлы есім. Қоғам мен адамзат алдында өлшеусіз еңбек ететін осынау нәзік те жауапты мамандық иелері қашанда құрметке лайық. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беру, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт-бағдар беруде ұстаздың еңбегі зор. Ендеше, барлық ұстаздар қауымын төл мерекелерімен құттықтап, озық ойлы шәкірттеріңіз көбейе беруін тіледік.