Ата соқпағын жалғаған

(0 Votes)

Қоғамда әртүрлі мамандықтар бойынша династиялар аз емес. Дегенмен олардың ішінде ұстаздар династиясының орны ерекше. Осындай ұлы есімді серік еткен династиялардың бірі - Сейтқалиевтер әулеті.

Сейтқалиевтер әулетінің отағасы Мырзахмет жетіжылдық мектепті бітірген соң, Гурьев зооветтехникумына оқуға түскен. Оны ойдағыдай аяқтап, 1957 жылы Сарайшықтағы ауыл шаруашылығы мектебінде ұстаздық қызмет атқарған. Одан кейін, 1958 жылы Гурьев педагогикалық институтына қазақ тілі және әдебиеті факультетіне қазақ тілі және әдебиеті пәні мұғалімі мамандығына оқуға түсіп, оны тәмамдағаннан кейін Ескене орта мектебіне жолдама алған.

Кейіннен 1967-1976 жылдар аралығында сол мектепте директор, 1976-1980 жылдары Байшонас орта мектебінің директоры, 1980-1980 жылдары Доссор поселкесіндегі №10 кәсіптік-техникалық училище директоры, 1982-1995 жылдар аралығында Абай атындағы орта мектептің директоры, 1992-2003 жылдары Белинский атындағы орта мектепте ұстаздық қызметін атқарған.

Ол нәтижелі еңбегі үшін «Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері» және «Еңбектегі ерлігі» төсбелгісімен, «Мұғалім-әдіскер», «Мақат ауданының Құрметті азаматы» атақтарымен марапатталған.

Сонымен қатар, ұстаздың асыл жары Мүбина да өмір жолын отағасымен бірге жалғап қана қоймай, сонымен қатар бірдей мамандықты таңдаған. Ол да қырық жылдан астам уақыт бойы қазақ тілі және әдебиеті пәні мұғалімі болып қызмет атқарған.

Ұстаздық қызметі жолында «Еңбек ері» төсбелгісімен марапатталған.

Адам бойындағы асыл қасиеттер мен ізгілік атауының барлығы отбасыдан басталады десек, берік отбасының қалыптасу жолында ата-ананың атқарар қызметі орасан зор. Содан болса керек, олардан тараған ұрпақтар да бүгінде ұстаздық қызметте еңбек етуде.

Мырзахмет Сейтқалиевтің егіз қыздары Айман мен Шолпан тура ата-анасының жолын жалғаған.

Бүгінде Айман С.Шарипов атындағы Досор мектеп-интернатында, ал Шолпан №34 көпсалалы мектеп-гимназиясында орыс тілі және әдебиеті пәні мұғалімі болып қызмет атқарады.

Одан бөлек, ұстаздың немере-жиендері де осынау ұлы мамандықты таңдап, республиканың әр өңірінде шәкірт тәрбиелеуде.

«Ұстаздың аты өлмейді» демекші, былтырғы жылы ұстаз Мырзахмет Сейтқалиевке арнап оның өмір жолы баяндалған «Болмысы биік ұстаз» атты кітабы жарыққа шығып, оқырмандар жүрегінен орын ала білді.

Б.Асхатқызы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT