Мақат ауданында 42 500 теңге жәрдемақыны бес адам алып үлгерді.
Аудандық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мәліметінше бүгінгі күнге дейін он мекемеден 37 адам төтенше жағдайға байланысты жұмыстан ақысыз күндерге кетулеріне орай аталмыш әлеуметтік жәрдемақыны алуға өтініш білдірген. Оның алды, яғни, бес тұрғын мемлекеттік әлеуметтік көмекке ие болды. Аталған жәрдемақымен қамтылғандардың көбі шағын және орта бизнесте қызмет ететін жұмысшылар. Сондай-ақ, жеке қызметпен айналысатын нотариус, адвокат сынды өзін-өзі жұмыспен қамтып отырғандар. Осылайша басшылар қызметкерлерін үйден шығармай өздері электронды өтініш беру арқылы жұмыстанып жатыр.
«Төтенше жағдайға байланысты жұмысымыз тоқтап қалды. Қарамағымдағы жұмысшыларымның бүкіл мәліметтерін алып E-Gov арқылы үйден өзім өтініш жібердім. Барлық өтініштер қаралып, енді осы жұмысшылардың барлығы 42500 теңге ақшаларын қолдарына алып отыр»,- деді «Бақ-Ырыс» мейрамханасының басшысы Бибігүл Есенаманова.
Жеке адам немесе мекеме атынан берілген өтініштер сайт арқылы электронды түрде қабылданған. Одан соң өтініштер азаматтарың тұрғылықты жері бойынша жұмыспен қамту әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөліміне түскен. Соның негізінде олардың жағдайы нақтыланып, әлеуметтік жәрдемақы тағайындалған. Аталмыш жәрдемақы «алма піс, аузыма түстің» кейпінде өтініш білдіргендердің барлығына бірдей берілмейді. Заң бойынша қаралып, тиесілі адамдарға ғана тағайындалатын болады.
М.ІЗТҰРҒАНОВА
Сурет: ашық дереккөз