Мақаттағы балалар мерекесі

(0 Votes)

Жадыраған жаз әрдайым айшықты мерекемен басталады. Халықаралық балаларды қорғау күні  ауданда бірнеше шараны қамтып, ерекше сән-салтанатпен атап өтілді.

Алдымен Доссор кентіндегі оңалту орталығында “Бар мейіріміміз – балаларға!” атты ертеңгілік ұйымдастырылды.

whatsapp-image-2021-06-01-at-16_13_44-1

Мерекелік іс-шара барысында балалар ән шырқап, аниматорлармен бірге би биледі. Ерекше балаларға көтеріңкі көңіл-күй сыйланып, ата-аналар да мерекені атап өтуге атсалысты.

«Балалар күні құтты болсын, басты байлығымыз - балаларымыз әрқашан аман болсын. Осы орталықтың құрылғанын, осында балаларымыз тәрбиеленіп жатқанына өте қуаныштымыз. Ұйымдастырушыларға ата-аналар атынан алғысымызды білдіреміз»,- деді К.Атчибаева.

whatsapp-image-2021-06-01-at-16_13_44-2

Бұл күні сондай-ақ, ауданға қарасты 9 жалпы білім беретін орта мектепте күндізгі тынығу және мектепішілік бейіндік лагерлері өз жұмысын бастады. Солардың бірі – М.Баймұханов атындағы орта мектепте «Қарлығаш» лагерінің ашылу салтанаты өтті.

whatsapp-image-2021-06-01-at-16_13_43

Лагерьге 1-4 сынып оқушылары қамтылып, 10 күннен 3 лек бойынша өткізіледі. Жалпы бұл маусымда мұнда 75 баланың демалуына мүмкіндік жасалмақ. Демалыс орнына келетін балалар тобы жас ерекшеліктеріне байланысты жинақталады. Мұнда өлкетану, дебат, арт-терапия, спорт бағыттары бойынша оқушылармен жұмыс жүргізілмек.

whatsapp-image-2021-06-01-at-16_13_43-1

Мерекелік думан аудандық балалар кітапханасында «Балғын балалар – біздің болашағымыз» атты іс-шарамен жалғасын тапты. Кітапхана ауласында қызықты ойындар мен спорттық жарыстар өткізілді.

whatsapp-image-2021-06-01-at-16_13_42-1

Бүлдіршіндер асфальтқа сурет салып, өнерлерін паш етті.

whatsapp-image-2021-06-01-at-16_13_44

Бірі - ән шырқап, тақпақ айтса, бірі - би биледі. Балаларды құттықтауға арнайы келген аудан әкімінің орынбасары Оксана Айкашева, жылы лебізін білдіріп, өнерлі өрендерге сыйлық таратты.

whatsapp-image-2021-06-01-at-16_13_41

«Маусым айының алғашқы күнін балалар мерекемен қарсы алады. Олардың тыныштығы мен болашағын бүкіл әлем болып қорғалатын күн ретінде мерекелейді. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығымен тұспа-тұс келген бұл атаулы күннің берекесі баянды бола берсін! Мамыражай тіршіліктің саясында бүр жарып, гүлдеп, өсіп келе жатқан жас бүлдіршіндерді кемел келешегіне барлық жағдай жасалуда. Олардың білім алуы мен мүмкіндігін таныту жолындағы кедергілер жоқ. Жасалуға тиісті жағдайлар да жүзеге асып жатыр деп сеніммен айтамыз»,- деді аудан әкімінің орынбасары О.Айкашева.

whatsapp-image-2021-06-01-at-16_13_42

Мерекелік шаралар легі Жастар ресурстық орталығы ұйымдастырған «Бақытты балалық шақ» атты сурет салу конкурсымен қорытындыланды. «Жеңіс» саябағында өткен байқауға 5-8 жас аралығындағы 20 бүлдіршін қатысты. Сурет салып, шеберлік танытқан балғындардың бәріне дипломдар мен естелік сыйлықтар табыс етілді. Сондай-ақ, аудан волонтерлары да бұл күні балаларға тегін тәттілер үлестірді.

 

М.ІЗТҰРҒАНОВА

Суреттер автордікі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT