Соңғы жылдары әр халық санағы сайын халқымыздың саны артып, демографиямыздың оң динамика көрсетуіне ардақты аналарымыздың үлесі зор. Олардың қадірі білімінің күшімен «Алтын белгі» алған түлектеріміз бен білегінің күшімен алтын жүлде иемденген спортшыларымыздың қадірінен аспаса кем түспейді. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың көп балалы аналарды «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқаларымен марапаттау туралы 2021 жылдың 5 мамырдағы №568 жарлығы негізінде болып тұрған шара аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында өтті.
Бұл жолы Мемлекеттік рәміздер күнімен тұспа тұс келген жиында Мақат ауданының әкімі Шәкір Кейкин төрағалық етті.
Ол өз сөзінде: «Бүгінгі мерекеге тап келген қуаныштарыңыз нұр үстіне нұр болып тұрғандай. Біз сіздерді әрдайым да құрметтейміз. Жанұяда түтіннің түзу шығып, сәбилердің шат күлкісі кетпеуі әйелдердің қолында. Сондықтан осы отырған баршаңызды еңбектеріңіздің еленуімен құттықтаймын», - деді.
Құрметке бөленіп жатырған аналардың екеуі 7 және одан да көп баланы дүниеге әкеп, тәрбиелегені үшін – «Алтын алқа», төртеуі 6 баланы дүниеге әкеп, тәрбиелегені үшін – «Күміс алқа» тағынғандар.
«Алтын алқа» иегерлерінің қатарында кенжелері егіз Гаухар Нұрқасымова бар. Мұса Баймұқанов атындағы орта мектепте қызмет ететін ол Доссор кентінде тұрады. Батыр ана:«Бүгін Шәкір Кейкінұлының қолынан алқамды алып тұрғаныма қуаныштымын. Президентімізге де алғысым шексіз. Жас отбасылар біздің ізімізден ерсін. Еліміз көркейе берсін!», - деп ағынан жарылды.
Осындай салтанатты шара ауданымызда биылдыққа төртінші рет өтіп тұрғанын айта кету керек.
А. Жұмабекұлы