Мақатта мал шаруашылығы жанданбақ

(0 Votes)

Мұнайлы өлкеміздің жері сортаң, топырағы тұзды. Елдің ірі жазықтарының бірі. Аудан аумағында ағынды су көзі де, шүйгін шөбі де жоқ. Десе де, ниеті бар шаруалар ебін тауып, төрт түлігін сайлап отыр. Қазір шаруалар көктемгі мал төлдету науқанына қызу кірісіп кеткен. Оған өңірдегі шаруа қожалықтарды аралап, мал-жанның қал-жайын білмекке сапарлап шыққанда көз жеткіздік.

Доссор кентіне іргелес жатқан Тасқұдық елді мекенінде Ойсылқараның түлігін түлетіп отырған отбасы бар. Бұл аудандағы ең ірі шаруа қожалықтардың бірі десе де болады. Ара-тұра мұнда іс-сапарлатып келіп тұратын бізге, бұл жердің тіршілігі таныс болып қалғаны соншалық, кейіпкерлерімізді жолықтыру қиынға соқпады. Сауынды уақытқа тап келген біз нағыз қарбаластың үстінен түстік. Сонымен біз сөз етіп отырған – Оспановтар отбасының шаруашылығы.

aa9ddd01-f033-413a-9f84-5d271db50b9c

Түйе өсірудің жүгі ауыр. Кез келген шаруа бұл кәсіпті ә дегеннен алға жылжытып әкете қоюы қиын. 2004 жылы Тасқұдық жеріне қоныс тепкен Шәміл Оспанов пен Алмагүл Бигалиева ата кәсіпті алғашқыда екі түйемен бастаған. Қазір қос өркештілердің басы отыздан асады. Кәсіптің нәсібін көрді деген осы. Еңбектенбесе, мал басы өспейді. Осыны білетін шаруа бар күшін салып, ойсылқара тұқымын көбейткен. Төрт түліктің төресі -түйе сүтінен дайындалатын шұбаттың емдік қасиеті  мол. Сұраныс та жоғары. Бұл шаңырақтың отанасы Алмагүлдің шұбат өндіріп, нәпақа тауып жүргеніне де біраз жылдың жүзі болған. Тұрақты тұтынушылары да бар. 

«Түйе сүтінің майлылығы 5 процент болады. Яғни сиыр сүтіндегі майдан 4 есе көп. Құрамында кальций, фосфор, калий, натрий бар. Түйе саууды бала кезімнен әжемнен үйренгенмін. Қазір өзіміз бұл шаруашылықпен айналысқалы 20 жылдың үстінде түйе сауып келемін»,- дейді бізді жылы шыраймен қарсы алған Алмагүл.

Шәміл шаруа мемлекеттік бағдарламаның қолдауымен ауданның ауылшаруашылығының ілгері дамуына өз үлесін қосуда. 2012 жылы 2 миллион теңге несие алып, қаражатқа 4 бас аналық түйе сатып алған. Қазіргі таңда түйеден өзге қожалықта төрт түліктің барлық түрі баршылық. Шаруаның 70-ке тарта қой-ешкісі және одан бөлек үш үйір жылқысы бар. Науқанды кезеңдерде мая-мая шөп жинап, қыстық азықты артығымен алып, қыстың қаттылығынан қысылмай шыққан. Көктем келісімен мал төлдеп, қожалықта төл алу науқаны қыза түсуде.

7ba519d8-f1a6-4e73-9184-49b30ecfde99

«Қыс қатты болғанымен, жайлы өтті. Мал қонды, жақсы шықты қыстан. Көктем келіп қуанып, бағып отырған малымыздың жемісін көріп жатырмыз. Мал төлдеп жатыр»,- деп ағынан жарылды Шәміл шаруа.

Бүгінгі күні жыл он екі ай баққан төрт түлігі төлдеп, еткен еңбегі текке кетпеді. Биыл қожалықта 25 қозы-лақ және 3 бота, 10 құлын төлдеп үлгерген. Дегенмен, бұл науқанның басы ғана. Өйткені жылда қозы-лақтың саны 40-қа, ал, ботаның саны 10-ға жуықтайды екен. Ал қожалықтың жылқылары негізінен далалық жайылымда. Жазда қырға су ішіп кетуге келеді.

2931d5d3-64f2-486a-92f2-635dd41ef81b

Тасқұдық мекені Доссордың іргесінде тұрғандықтан, көгілдір отын тартылған. Жарықты күн көзінен қуат алатын құрылғы арқылы пайдаланып отыр. Ал су мәселесі бұл жерде қашан да өзекті.

«Жер асты суын пайдаланамыз. Ол бір де бар, бір де жоқ. Судан таршылық көретініміз, құдықтың аши бастағаны болмаса, қалғанының бәрі жақсы»,- дейді шаруа. 

Төрт түлікті баптауға ата-анасына Жарқынай мен Ислам қолғабыс етуде. 13 жасар Жарқынай мен 8 жастар Ислам мал қорадағы тіршілікке әбден машықтанған. Түйелерді барлау, суару, шөбін салу - балалардың күнделікті сүйікті ісі.

d64686e0-045b-4f48-86d7-1baf0ff35169

«Көпбалалы анамын. Бес баланы дүниеге әкелдім. Жарқынай мен Ислам кенжетайларым. Олар көзін ашқалы осы мал шаруашылығымен айналысып келеміз. Сондықтан да екеуі төрт түлікке жақын. Әрбірін жақсы көреді, баптайды. Бірі Б.Қанатбаев атындағы орта мектебінің, бірі С.Шарипов атындағы мектеп -интернатының оқушылары. Қазір сабақ онлайн болғандықтан, осында оқып жатыр. Мұнда ғаламтор мен ұялы байланыста мін жоқ. Бәрін қамтамасыз етіп отырмыз»,- дейді Алмагүл.

Балаларға қолғабыс ететін әулеттің ақжаулықты анасы Иіс Тышқанбаева. Бүгінде немересі Жарқынайға түйе саууды үйретіп жүр екен. Ал, Шәміл шаруа балаларын осы кәсіппен айналысуға машықтап, бар жұмысты оларға сеніп тапсырған. Осылайша бүгінде бүтін бір жанұя малдың арқасында жан бағып отыр.

Шаруагерлердің бүгінгі таңдағы өзекті мәселесі қора-жайына жер көлемінің тарлығы. 40х30 жері мал басы көбейген сайын таршылық етуде. Төрт түлігінің қыстырылысып тұрғаны бірден байқалды. Шаруагерлер жерін ұлғайту бойынша ауыл шаруашылығы бөлімінен көмек сұрап,  жұмыстанып жатқанын жеткізді.

Жалпы Тасқұдық елді мекенінде болған сапарымызда біз төл алу науқанының ойдағыдай жүріп жатқандығына куә болдық. Сөйтіп, ауыл байлығы болып саналатын төрт түлік мал басының көбейіп жатқандығына көңіліміз бір марқайып қалды.

Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметіне сүйенсек, сәуір айына дейінгі есеп бойынша ауданда 1704 бас мүйізді ірі қара, 3567 бас қой мен ешкі, 1499 бас жылқы, 567 бас түйе  малы бар. Олардың ішінде 1200 бас аналық мүйізді ірі қара, 1040 бас аналық жылқы, 279 бас аналық түйе, 2220 бас аналық қой-ешкі тіркелген.

«Аналық төрт-түліктерден биыл 960 бас бұзау, 830 бас құлын, 115 бас бота, 2490 бас қозы-лақ алу жоспарланып отыр. Сәуір айында шаруа қожалықтарды мал төлдету науқаны толығымен қызу жүріп жатыр. Осы айтылған мәліметтер деңгейінен шығамыз деген ойдамыз. Ауданымызда статистика бойынша 34 шаруа қожалығы бар. Жақында көршілес Қызылқоға ауданына қарасты  415,8 мың гектар жер телімі ауданның жер қорына қосылды. Сондағы шаруа қожалықтарын қосқанда жылдың аяғына дейін ауданда 50-дің үстінде шаруа қожалығы болады деген есебіміз бар. Өлкеміз өндірістік аудан болып есептелгенімен, соңғы уақытта ауыл шаруашылығына, оның ішінде мал шаруашылығын дамытуға үлкен көңіл бөлініп, аудан тұрғындары мал бағумен айналысуды қолға алуда. Бұл бағытта болашақта үлкен-үлкен жұмыстар күтіп тұр. Мал тұқымын асылдандыру сол сияқты малдан алынатын өнімдерді көбейту күнделікті күн тәртібінен түспей тұрған мәселелер.  Осы жылдың аяғына дейін мал басының барлық түрінен 100 басқа дейін көбейту ойымызда бар. Сол сияқты малдан алынатын сүт, ет өнімдері өз деңгейінде орындалады деген сенімдеміз», - дейді аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Ерлан Нұрған.

 

М.ІЗТҰРҒАНОВА

Cуреттер автордікі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521