Ел Үкіметі деңгейінде қабылданған шаралар нәтижесінде 2024 жылдың қорытындысы бойынша туристік сала тұрақты өсім көрсетті. Ішкі туристер саны 10,5 млн адамды құрап, 2023 жылмен салыстырғанда 900 мыңға артты. Жалпы, елімізге түрлі туристік мақсатта 15,3 млн шетелдік қонақ келген. ҚР ТСМ Туризм индустриясы комитетінің Туризм саласындағы жүйелі шараларды жүзеге асыру басқармасының басшысы Нұрбол Байжанов ОКҚ брифингінде хабарлағандай, бұл статистикада жұмысқа немесе тұрақты тұруға келгендер есепке алынбаған.
«Бұдан бөлек, 10,4 млн адам елімізде 1 күннен артық уақыт болған болып табылады. Біз оларды турист деп есептейміз. Себебі, олар демалуға келген, достарына немесе туыстарына келген туристер болып табылады. Олар елімізде орналастыру орындарын, тамақтану, көлік және басқа да қызметтерді пайдалана отырып экономикаға оң әсерін тигізеді», – деді спикер.
Жалпы статистика жүйесін жетілдіру үшін ұялы байланыс операторларының деректерін, банк карталарының транзакциялары негізіндегі туристердің шығындары туралы ақпаратты пайдалану жоспарлануда. Бұл туризмді дамыту бойынша нақты әрі дұрыс шараларды қабылдауға, туристердің шығындарының көлеміне сәйкес әлеуетті нарықтарды анықтап, арнайы науқан жүргізуге мүмкіндік береді.