Айнала ақ ұлпа қарға бөленіп, қыстың көркі кірген шақта әсіресе балалардың көңілі көтеріңкі. Мұнайлы мекеннің кішкене тұрғындарына бұған дейін өзге де мекемелердің сыйлық үлестіргенін хабардар еткенбіз. Бұл жолы әріптестерінің ізімен "Доссормұнайгаз" мұнай-газ өндіру басқармасының кәсіподақ комитеті жаңа жылдық сыйлықтар жолдады.
Аудандық зейнеткерлер мен мүгедектерге әлеуметтік қызмет көрсету аумақтық орталығы жартылай стационарлы және үйде қызмет көрсету жағдайында бір жарым жастан он сегіз жасқа дейінгі психоневрологиялық ауытқулары бар және тірек-қимыл аппараты бұзылған мүгедек балаларға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетеді.
Жаңа жыл қарсаңында осы мекемеден көмек алатын 51 балаға мұнайшы аға-әпкелерінің арнайы жолдаған сыйлықтары табыс етілді.
"Берсең, балаға бер" дегендей, жолданған сыйлыққа бүлдіршіндеріміздің көңілі көтеріліп қалды. Мұнайшылардың аманатын жеткізіп жүрген апайларына еркелеп, жүгіре құшақтағанын көргенде қардай аппақ кіршіксіз көңілдерінен айналып-ақ кеткің келеді.
Жүздеріне күлкі үйірілген балақайлардың ата-аналары да мұнайшыларға өз алғысын жеткізді. Әлгіндегідей көріністен сыйлықтың көлемі емес, өздеріне бөлінген көңілдің құнды екенін бала жүрегімен түсінгенін сезіледі.
Сәбидің бәрі бақытты болуы үшін жаралған!
А.САДЫКОВ