Еріктілер аудан әкімінің алғыс хатына ие болды

(0 Votes)

Төрімізден қол бұлғап қош айтысқалы тұрған тышқан жылының бәрімізді біраз әбігерге түсіргені жасырын емес. Президентіміз де құдды бір біліп жариялағандай бұл жылды "Еріктілер жылы" деп жариялаған болатын. Қоршаған ортасына қайырын тигізіп, әлсіз жандарға қолғабыс таныту қазақ халқының қанына сіңген қасиет. Дүние дүрбелеңге түскенде, өңірімізде білегін сыбанып, дерт ошағының бел ортасынан табылған еріктілер аз емес.

Еріккенінен емес, еріктілерді көзсіз батырлыққа итермелеген еліне деген шексіз сүйіспеншілігі. Белсенділердің бұл әрекеті аудан әкімінің назарынан да тыс қалмай, бір топ еріктілер арнайы алғыс хатпен марапатталды.

"Басқаға қуаныш сыйлай білген - ең бақытты жан" демекші, ерікті болу риясыз мейірімділік пен шынайы ниеттің көрінісі. Сіздер осындай игі істеріңізбен мұқтаж жандарға қолдау көрсеткеніңіз алдағы уақытта аудан жастарына үлгі болады деп сенемін. Сіздерге мықты денсаулық, отбасыңызға амандық, кәсібіңізге береке тілеймін!",-деді аудан басшысы марапат үстінде.

Өзгеге үлгі болып танылғандардың қатарында Қ.Өтешов, Б.Жалмұханов, Ә.Қаржау, Қ.Ермеков, Ж.Жұмахметова, Ж.Ермекқалиев, С.Сүйіндіков, А.Ризаев, А.Сарбалин, С.Қуанышов, Э.Мусиналар бар.

Осылайша,  ел басына түскен сынақта сағы сынбай, жүк астына жұмыла кететін жандардың мерейі үстем болды.  Халықтың ақ батасына бөленгеннен артық не бар. Ендеше мерейлеріңіз үстем болып,  ел алғысына бөлене беріңіздер дегіміз келеді. 

А.САДЫКОВ
сурет автордан

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT