Тылдың тұсында тынымсыз еңбек еткен жандардың әр күні аңыз әңгімедей. Сұрапыл соғыс басталған жылдары небәрі сегіз жаста болған Ұлмекен әжей, бала болса да біраз қиындықты өз көзімен көргенін айтады.
Ақ жаулықты анамыздың естеліктерін тыңдау үшін шаңырағына бас сұғып, жанына жайғастық. Әжеміз күн шұғыласына малынған ақ сарайдың терезе тұсына отырып алып, әкесі бесінші сыныпта алып берген іс машинасын сыртылдатып отыр екен. "Жақында жиеншардан туған шөберемнің шілдеханасы соған қызу дайындық", - дейді ол.
Көненің көзіндей құнды жәдігер болып тек осы іс машинасы мен балаларының бесігі және оныншы сыныпта ұстаған чемоданы ғана қалыпты. 1937 жылы 25-ші тамызда Қызылқоға ауданы, Кенбай совхозында дүниеге келген Ұлмекен Сағынқызы латынша жазылған куәлігім әлі бар екенін айтты. "Әкем-шешем сол ауылда еңбек етті. Әкем сауаттылау кісі еді. Соғысқа дейін конторда жұмыс жасаған. Ол майданға аттанғанда шешем мен атам және шиттей бала-шаға болып қалдық. Кәрі әкем де совхозға көмектесіп жүрді. Жұмыс күшінің тапшылығынан шешем де жұмысқа шығып, қой бағысты. Соғысқа шұлық пен қолғап тоқыды. Біздер баламыз тамақ тапшы, үстімізде жыртық-жыртық көйлек, жалаң аяқ-жалаң бас дегендей. Бала болсақ та бір сәт қарап қалмадық. Қолғап тоқығанда жүнін түтісіп, далаға шықсақ қой бөлісеміз, өріске айдасамыз. Қой сауады, оны ұстасамыз. Қойдың сүті қорғасын, тәтті екен деп тойып аламыз. Ол күнде нан да жоқ ау деймін", - дейді әжем менің қолымдағы дыбыс жазғышыма бір қарап қойып.
Айтуынша үш ағайынды болып соғысқа аттанған бауырлардан тек әкесі ғана тірі оралған. "Әкемнің ағасы Құлсарыда тұрды. Ленин орденімен марапатталған даңқты мастер болды. Ол мұнайшы болғандықтан соғысқа бармай қалды. Менің әкем соғыстан ортаңғы саусағынан айрылып келді. "Снарядтың ыңылдаған дауысы әлі күнге дейін құлағыма келіп отырады", - деп айтып жүретін. Әкем елге келгеннен кейін де "қой ферма" болды. Совхозда жұмыс жасады", - деді. Мекепті жетінші сыныпқа дейін Кенбайда оқыған кейіпкеріміз оқуын осы Мақатқа келіп жалғастырды. "Ол күнде бүгінгі зәулім үйлер мен ғимараттардың бірі жоқ. Сенбіліктерде ескі мақат клубтарының алдына тратуар төсеуге көмектесетін едік. Бар қызығымыз вокзалға келген пойызды қызықтау. Одан қалды ескі мақаттың клубына баратын едік",-деп оқушы кезеңін көз алдына тізбектеді.
Мектебін жаңадан бітірген қаршадай қыз жоғарғы оқу орнына қанша түскісі келгенімен, "бірге туған ағайынымның баласы Ақтөбеге мединститутқа түсті. Ол күнде екі баланы қатар оқытатын қаржы қайда? Мені сосын оқуға жібермей, жылап-жылап қала бердім", - дейді. Ұлмекен Сағынқызы осылайша мектеп бітіріп елге қайтты. Кенбайдың басында өзінен кейінгі бауырларына әкесінің апасымен бірге "бас-көз" болды.
"1958 жылы разведкіге көшіп келдік. Қамыстан үй салды. Бұрқыратып мұнай жағады. Клубқа барып жастар болып ұйымдастырып сахнаға өлең айтып, пьеса қоямыз. Сөйтіп жүріп сол разведканың бұрғышы жігітімен танысып шаңырақ көтердім. Өзі Нарын жақтікі екен. Құрманғазы мен Динаның ауылдасы өнерден алыс болсын ба? Домбырашы, әнші жігіт болып шықты. Жалғыз шешесі бар екен, сөйтіп жаңа өмірге қадам бастық. Айтпақшы қазіргі "Қайнарды" ашқан жанардың қатарында менің шалым да бар. "Мына жерде мұнай көп. Жаңадан ашып жатырмыз. Құжаттарын жасап кейін жауып тастаймыз, өзінің уақыты бар сонда ашады. Осы жерде кен көп" деп айтып отыратын", - дейді. Атамыз Ғинаят Айтқалиев есімді бұрғышы. Кейін теміржол саласында өзіндік із қалдырған жан. "Бір жылдары разветканың бәрін Атырауға көшірді. Біз де көшейік деп едік бірақ үйдегі үлкен кісі ауырады. Баяғы Сталинград жолын салып жүріп өкпесіне салқын тигізген. Жылда ауруханаға жатады. "Мен бармаймын, мына ағарғаннан кете алмаймын, осы жерде қаламын деп" кетпей қойды. Сөйтіп осы жерде қалып жолдасым жұмысына барып келіп жасап жүрді. Енем 1969 жылы дүние салды. Одан кейін азаматым да "жайдақ барып қашанғы жүремін" деп Кенбай совхозына шөпір болып ауысып кетті.
Түрлі қиындықтарға мойымады, құдық қазды. Десе де мынаған үйрене алмай жүрмін деп 1973-те темір жолға кірді. Содан 2001-ге дейін кенбай стансасында тұрдық", - дейді әжей. Алтын құрсақты анамыз өмірге он бала әкелген батыр ана. Бүгінде перзентінің үлкені өмірден өткенімен, тоғыз баласынан немере шөберелері өрбіп отыр. "Санын айтпа деп кәрі атам айтып отыратын. Сондықтан немере шөберелерді санамаймын", - дейді. Әжеміз құрақ тіккенінен бөлек, әуелетіп ән де салады.
"Жалпы тігіншілікті әкемнің апасынан үйрендім. Менен де үйренген жандар көп. Қыздарымның барлығы дерлік хабардар. Осыларды өсіріп, аяққа тұрғызамын деп жүргенде өмірдің қалай зулап өтіп жатқанын байқамай да қалыппыз", - дейді.
"Шалым шалым шалдауға,
Шалым жақсы алдауға.
Көп жігіттің ішінен,
Сені жазды маңдайға", - бұл әжейдің жарына арнап шығарған әзіл өлеңі екен.
Бір қызы Махамбет атындағы драма театрдың әртісі. Апамыздың сол замандардағы адамдардың пейілі мен қонақжайлылығы туралы айтқан ойлары өз алдына бір дастан.
"Ол кезде есік ашық. Түнде келген қонаққа оянсақ төсегін салып береміз. Оянбасақ өздері салып алады. Нанды күлдің арасына табамен отқа көмеміз. Шыңыраудан су тартып мал суарамыз. Шөп шабамыз. Қыстың шөбін шөмелейлеп әзірлеп қоятынмын. Шөп тиегенде кузовтың үстіне мені шығарып қояды. Шеберлігі бар адамның не затқа болса да икемдігі болады ғой. Текшелеп төрт бұрышты қылып жаямыз. Әрі қарай үйдің қасына төгіп кетеді. Соны шөптің орнына қайтадан жинаймыз. Ол кезде қолымда күш көп. Шайды самаурынмен, ақ құманмен қызыл шоққа қайнатып ішеміз. Бір табақ картоп ашысақ та тай-талақай қылады. Малдың майын шыжғырып жіберіп бажылдатып жаңағы картопты салып табақты төңкеріп пісіріп алып келгенде иісі қандай. Шүпірлеген бала шаға жылан жалағандай қылады",-деп бүгінгі күніне шүкірлік білдірді.
Шіркін қарияларымыздың барлығы бір-бір жазулы тұрған кітап тәрізді ғой. Аман жүріңіз. Алла жазса келесі жолы ісмерлігіңізге бөлек тоқталамыз әже!
А.САДЫКОВ